Танымал ұстаздар туралы

 Нағыз ұстаз немесе математик Нүсібәлі Сүлейменов туралы сыр

    Серікжан ҚАЖИ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

   Ұстаз… осынау сөздің астарында қаншама терең мағына жатыр десеңізші… Жер бетінде Ұстаз алдын көрмеген пенде бар ма екен, сірә да?!  Мектеп партасында білім берген  ұлағатты жандарды айтпағанда Өмір жолында бағыт-бағдар берген, қолдаған, сүрінгенде сүйеу болған жандар да Ұстаз деген ардақты есімге әбден лайықты деп ойлаймын. Бұл ретте Қазақстанның халық жазушылары,  көрнекті қаламгерлер – Әбу Сәрсенбаев пен Мемлекеттік сыйлықтың лаураеты Фариза Оңғарсынованы өзіме Ұстаз санаймын. Ол басқа әңгіменің өзегі. Бүгінгі Сөз  мектеп партасында терең білім берген, талапшылдығымен де ерекше есімде қалған ұстазым, математика пәнінің мұғалімі Нүсібәлі Сүлейменов жайында болмақ.

Мектеп партасы демекші, «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан»  көзіме оттай ыстық осы білім орны жайлы ойласам, бастауыш сыныпта сабақ беріп, қолыма алғаш қалам ұстатып, хат танытқан майдангер-қарт ұстаз Айтбай Тағаев, Майдаш Тақабаева, жоғары сыныптарда қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген Нұрыпбай Өзбеков, Әбіш аға, Света Нөкеева, география пәнінен сабақ берген Нұрғайша Мамырова,  орыс тілінен сабақ берген Ақан ағай, Әлиман тәтей, Клара Мырзабекова, физик Мүтәліп Жаманақов, тарихшы Айдаш Үйсінтаев, мектеп директоры Әбдіқадыр Берікбаев секілді ұстаздарымының бейнесі көз алдыма келеді. Майдаш тәтей мен Нұрғайша Мамырова апайдан өзгелері о дүниелік болып кеткендер деп естимін. Жатқан жерлері жарық болсын деп  дұға етемін.

Мектеп бітіргеніме 40 жылдан астам уақыт өтсе де, дәл осылай секілді санама тастай бекіп, асыл бейнесі жүрегімнің түкпірінен орын тапқан ұстаздарымының бірі –  математик Нүсібәлі Сүлейменов. Сол бір кеңестік кезең деп саналатын уақытта бастауыш сыныпты бітіріп, жоғарғы сыныптың алғашқы баспалдығы – 5-сыныптан бастап 10 cыныпты бітіргенше Нүсібәлі ағамыз математика пәнінен  сабақ берді.

Оқырмандарға түсініктірек болу үшін оның өмір-дерегінен де айта кетсем деймін. Оның тағдырының басында 1916 жылғы Қарқара көтерілісі тұр. Нүсібәлі ағамыздың ата-әкелері  де сол бір алмағайып кезеңде Жетісу өңірінің Хан-Тәңірі етегіндегі қалың  жұртпен бірге Қытай елін асып, өткен ХХ ғасырдың 50- жылдарынан басталған көшпен,  дәлірек айтқанда,  60-жылдарының бас кезінде Алматы облысы, Райымбек ауданы Сарыжаз ауылына келіп қоныстаған.  Арғы бетте 1937 жылдың 13-қаңтарында өмірге келген ол, сол жердегі Шыңжаң университетінің физика-математика факультетін 1957 жылы үздік тамамдап,  осы Қытайдағы Монголкүре ауданы, Текес орта мектебінде ұстаздық қызметін бастайды. Жоғарыда айтып кеткеніміздей Атамекенге  кәрі ата-анасымен бірге оралысымен Сарыжаз орта мектебіне ұстаздық қызметке кіріседі. Содан  зейнеткерлікке шыққанға дейін табаны күректей 40 жылдай осы бір ғана білім орнынында еңбек етті.  Алдынан әлденеше мыңдаған шәкірттер дәріс алды. Өмірге қанаттанды. Даңқты педагог Ыбырай Алтынсарин ұстаздық туралы былай дейді: «Өзегеге үйретем деп өзін де, уақытын аямаған адам –нағыз Ұстаз».  Құдайшылығымды айтайын, Ұстаздық қызметке дәл осы талап тұрғысынан қарасақ, санаулы ұстаздарымның бірі дәл осы Нүсібәлі ағамыз деп білемін. Дәлел ме?! Дәлел  жеткілікті. Оған мектеп партасында табаны күректей 5 жыл қолынан білім алғандығыммен қоса, кейін жоғары білім алып, өзімде туған ауылымда  физика пәнінен 2-3 жыл сабақ берген жас ұстаз болып жұмыс істеген кезімде көзім анық жетті. Ол өз мамандығын жетік меңгергендігі соншалық, жаңа сабақты құлағыңа құйып жібереді. Тіпті, үйде отырып оған дайындалудың да қажеті де бола қоймайды. Әрине, өзім де азды-көпті ұстаздық қызмет атқарғандықтан пенде болған соң адамның шабытты да, көңілсіз сәттері болатынын жақсы білемін. Көңілсіз кездерде солғындау сабақ өткізетін, болмаса басқа мамандарға тапсырып кету жағдайларымыз да аз кездеспейді. Ал Нүсібәлі ағаның тарапынан ондай болған кезді көз алдыма елестете алмаймын. Бірде-бір сабағын жібермейтін,  есесіне  білімі таяздау шәкірттерін сабақтан кейін алып қалып, дайындық жұмысын жасататын. Және де тұрақты. Одан олардың әбден ығыры шығатын, Нүсібәлі ағаның өзіннің де жүйкесін шаршайтын. Қатаң талап қоятын, нашар оқушылардың ата-аналарын сабағына қатыстыратын. Әрине, осындай қатаң талап біреуге жағады, біреуге жақпайды.  Жақында мерзім беттерінен «Шындық кейде шындықты жақтырмайды» деген мақала оқыдым.  Расында да осындай жағдайлар өмірде жиі кездесіп жатады екен. Нүсібәлі аға да осындай сәттерді басынан аз өткізбеген секілді.  Дегенмен «еңбек түбі – зейнет» деген. Неге десеңіз, ол сабақ берген   сыныптардан 78 математика пәні мұғалімі шыққан.  Ал осы математика сабағынан үздік оқыған, бүгінде басқа салада еңбек етіп жүрген шәкірттерінің санын анықтап көріңізші 500-ден  асып кетуі әбден мүмкін. (Шындығында да әрбір ұстаздың еңбегінің жемісін дәл осылай анықтап көрсе қалай болар еді. Бола қалса, еліміз бойынша алғашқы ондықтың біріне Нүсібәлі ағамыздың енетіні сөзсіз болар еді). Солардың бәрі де Нүсібәлі ағамызды өздеріне Ұстаз санайды, мақтаныш етеді. Кезінде Райымбек ауданында математика пәнінің үздік оқытушыларының бірі болған Алғазиев Тілеухан  мен Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласындағы  Жетісу педогогикалық университетінің  оқытушысы, елімізге танымал көрнекті математик ғалым  профессор Каден Бапаев ағаларымыз Нүсібәлі ағамыздың арғы беттегі Қытай елінде жас ұстаз ретінде  білім берген алғашқы шәкірттері екен. Сол сияқты, дәл осы математика ғылымы  саласынан шыққан  ғалым шәкірттері қатарында республикалық «Өрлеу» білім жетілдіру Университетінің кафедра меңгеруші Гүлнәр Қажиева, Лев Гумилев атындағы Еуразия университетінің ұстазы, матаматика ғылымдарының докторы Нұрасыл Керімбаев,  математика ғылымдарының кандидаты Бақытжан  Байжұманов, Алматы облысы, Іле ауданындағы орта мектептің директоры Жанар Шыңғысова,  кезінде мектеп басқарған Майгүл Үмбетжанова, Алматы облысына белгілі білікті ұстаз Бақытхан Керімбаева (айта берсек бұл тізім біразға баратын болғандықтан осы арада тоқтай тұруды жөн көрдік)  тағы басқалар Ұстазының жолын тікелей жалғастырулар, өздері де Нүсібәлі ағамыздай ғылым саласы мейлі білім саласы болсын шәкірттерінің зор құрметіне бөленіп жүрген жандар.

Алматы облысы, Райымбек ауданынан зейнетке шыққан соң Нүсібәлі ағамыз  1997жылы  Алматы қаласы Турксіб ауданына келіп қоныстаған. Үйде қарап отырғанша деп,  осы аудандағы №74  орта мектебіне аздаған жүктеме алып жұмысқа кірген оны мектеп басшылығы табаны күректей 10 жыл, 2007 жылға дейін сабақ бергізген. Бұл нені білдіреді. Жасыратыны жоқ, бұл күндері көптеген жас мамандар жұмыс таба алмай жүрсе,  өз сабағын жүргізе алмағандықтан кейбірулері жұмыстан шығып қалып жататыны жиі орын алып жатады. Ал, аталмыш білім орны  зейнеттегі Нүсібәлі ағаны  жұмыстан босатқысы келмейді. Жасы 70-ге таяп қалғандығын, көзінің көруінің нашарлығын айтпаса  олардың жібергісі келмеген  көрінеді. Неге? Осы сауалдың жауабы – біреу ғана. Ол – Нүсібәлі ағаның алдында отырған шәкірттеріне деген сүйіспеншілігі, олардың білімді болса деген талапшылдығы,  ізденімпаздығы, ұлы Ұстаз Ыбырай Алтынсарин айтқандай, Өзегеге үйретем деп өзін де, уақытын аямаған–нағыз ақ-адал еңбегінің  жемісі.

Иә, Нүсібәлі Сүлейменов  ағамыз бас әріппен жазылатын – Ұстаз. Білім саласына бар ғұмырын арнаған, ерен еңбек еткен жанның бір басында алған атақ-даңқы, марапаты жетіп артылатын шығар деп, ойлап отырған боларсыздар?!. Онда қателесесіздер. Бүгінде сексен жастың сеңгіріне бет алған, бар ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған  оған  аудандық деңгейдегі бір-екі Мақтау қағаздары болмаса, орден-медель, білім саласындағы атақтарды айтпай-ақ қойыңыз, облыстық Білім басқармасының Марапат қағазы да бұйырмады. Осы арада,  өзім бел ортасында жүрген әдебиет саласындағы жағдайды еске түсіргім келеді. Абай, Қасым, Төлеген Айбергенов секілді ақындарымызды айтпағанда, тіршілігінде ұлы Мұқағали да  бірде-бір марапатқа, атаққа ие болып па еді?!. Жоқ.  Сол кезеңде атақ-даңққа бөленгендер бүгін қайда?!  Халық кімдерді жастана оқиды, кімдерді іздейді. Жауабы белгілі.

Олай болса, ардақты Нүсібәлі аға! Сіздің атақ-даңқыңыз да, алған марапаттарыңыз да кешегі алдыңыздан қанат қаққан шәкірттеріңіз деп білемін. Біздер өз ара кездескен кезде Сіз жайлы айтамыз, Сізбен мақтанамыз, кейінгілерге үлгі етеміз. Өнегелі отбасының Ақылшысы, немере-шөберлеріңіздің сүйікті Атасы ретінде де Сізге ерекше құрметпен қараймыз.

Ұзақ ғұмыр кешіңіз нағыз Ұстаз, Аға!.. 

 

Шығармашылық шеберлікке баулу орталығы © 2018 жеке мәіметтерді өңдеу Frontier Theme