Ұстаз – ұлы есім!
(Ұстазым Сүлейменов Нүсібәлі туралы бір үзік сыр…)
Гүлнар Тоқайқызы Қажиева,
«Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері», Педагогика және психология магистрі.
Мен үшін кіндік қаным тамып, туып өскен қасиетті Сарыжаз ауылындағы ұстаздарымның орны ерекше. Жалпы, ұстаздық мамандықты таңдап, өмірлік мақсатымды анықтауға ықпал еткен менің аяулы осы ұстаздарым!
Тұла бойларынан ізгіліктің лебі есіп тұратын, білім нәрімен сусындатқан, өміріме бағыт-бағдар берген, өнеге көрсеткен абзал жандардың көбі бүгін арамызда жоқ.
Солардың бірі де бірегейі маған математика пәнінен сабақ берген Нүсібәлі ағайым!
Мен оқыған «в» сыныбы бастауышты аяқтағаннан кейін мектеп бітіргенше үзіліссіз ағайдан сабақ алдық. Өзге сыныптарда пән мұғалімдері ауысып жататын болса, бізде қысқа уақытқа ғана өзге мұғалімдердің келгені болмаса, толығымен Сүлейменов Нүсібәлі ағайымыздың берген білімімен сусындадық.
Осындай үздіксіз де жүйелі оқыту және ағайымның адами тұлғасы менің ұстаздық мамандықты, оның ішінде математика пәнін таңлауыма ықпал еткені даусыз.
Ағайдың сабырлы да салмақты мінезі, қоңыр үнді дауысы, жымия күлетін салиқалы бейнесі менің жадымда сақтаулы. Қанша уақыт сабақ берсе де ол кісінің шектен шығып айқайға басқан сәті есімде жоқ. Әрине, сыныпта әртүрлі оқушылар болады ғой, дегенмен де ағайдың ұстамдылығы, айқай-шусыз мәселені шешетін тапқырлығы ерекше еді.
Нүсібәлі ағайдың қолданатын жазасының ең үлкені – сабақтан алып қалу болатын. Шара қолдана отырып бірлікке жұмылдыратын, яғни бір оқушы сабақ білмесе бүкіл сынып жазаланатын… Менің ойымша, бұл біздердің достығымызды, ынтымақтастығымызды ұлғайтты. Бір-бірімізге көмектесіп, өзара қолдау көрсетіп отырған біздің сынып мектептегі ең ұйымшыл, білімі жағынан алдыңғы қатарда болдық.
Шынын айтқанда мұғалімдер біздер үшін ерекше жаратылыс болып саналатын. Ол кісілердің өзге адамдар сияқты отбасы бар екенін, әлеуметтік, өзге де мәселелері бар екендігі санамызға кіріп шықпайтын… Балалық шаққа ой жүгірте отырып осындай аңғал сезімімізге күлкім келеді.
Жоғарғы оқу орынын аяқтап, мұғалім деген мамандықтың қызығы мен қиыншылығы мол өміріне араласа бастап-ақ қадірлі ұстаздарымыздың қаншалықты қиямет қызмет атқарғанын түсіне бастадым.
1986 жылы Қаскелен қаласында Абай орта мектебінде жұмыс істеп жүрген кезімде, жолым түсіп оқу жылының аяқталып жатқан шағында ауылға бардым. Өзімнің сүйікті мектебіме бас сұғып, Нүсібәлі ағайымды іздедім…. Ағай 6 сынып оқушыларынан емтихан алып жатыр екен… Күлімдеген қалпы маңдайымнан сүйді… Оқушыларына аузын толтырып мені жер-көкке сиғызбай мақтап жатыр… Өзінің менен 8 сыныпта алғашқы емтиханын қалай қабылдағанын айтып бірталай мақтады.
Есіктің сыртына шығып, ағайға «Мұғалім мамандығын Сіздерге қарап бір керемет мамандық шығар деп таңдаған едім…. Қиынның қиыны екен ғой…» деп қалжың араластыра сөз тастадым. Ағайым тағы да риясыз жымиып «…енді түсіндің бе? Ештеңесі жоқ, ең бастысы өзіңе сенімді бол» деп иығымнан қақты.
Біраз уақыт күйбең тірліктен қол босамай, араласпай кетсек те, мектеп бітіргеніміздің 20 жылдық кездесуінен кейін (1997) біраз сыныптастарымызбен ағайымызды, Ғазиза, Кеңес апайларымызды ортаға алып бас қосулар жасап тұрдық. Ол кісілердің ақыл-кеңестері, салиқалы әңгімелері, мектеп қабырғасындағы қызықты оқиғаларды еске алу сәттеріміз де өзінше бір өмір болып өтіп кетіпті….
Жалпы менің өмір жолымда бағыт-бағдар берген, қолдаған, сүрінгенде сүйеу болған жандар – менің ұстаздарым, Нүсібәлі ағайым!
Нүсібәлі Сүлейменов аты алтын әріппен жазылатын – Ұстаз! Ұрпақ тәрбиесіне бар ғұмырын арнаған, ерен еңбек иесі. Ұрпағы барда, шәкірттері барда ол кісінің есімі өшпек емес. Ұстаз үшін ең биік те, ардақты марапат – ол халқының, шәкірттерінің беретін бағасы! Біз үшін Нүсібәлі ағай Мәңгілік биік тұлға!