Іс-шаралар ережелері

 «Өлкеңді тану – өзіңді тану!» тақырыбында танымдық экспедицияны ұйымдастыру ережесі

Жалпы ережелер

 Бұл ереже Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай мектеп оқушылары арасында өткізілетін «Өлкеңді тану – өзіңді тану» тақырыбындағы танымдық экспедицияның мектеп ішінде өткізілу шарттарын анықтайды.

Танымдық экспедицияның мақсаты мен міндеттері

Танымдық экспедицияның мақсаты оқушылардың бойындағы еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілікті арттыру. Оқушыларды республика аймақтарымен толық таныстыра отырып, әр өңірдегі табиғи, тарихи, мәдени, этнографиялық құндылықтарды зерделеуіне мүмкіндік беру.
Шараның идеологиялық мазмұны төмендегідей міндеттерді қамтиды:
• Еліміздің аймақтарындағы үлкен қалаларды, елді мекендерді, тарихи орындарды, қасиетті жерлерді, архитектуралық ескерткіштер мен мәдени мұра құндылықтарын білуге насихаттау.
• Оқушылардың санасына әр өңірдің тарихи қалыптасуы, ондағы тұлғалардың (хандар, билер, көсемдер, шешендер, батырлар, жыраулар т.б.) ықпалы туралы және мемлекеттілік пен тәуелсіздіктің құндылықтарын қалыптастыру.
• Қазақстанның елді мекендеріндегі табиғи көрікті мекендер, табиғат ескерткіштері мен табиғи қорықтарды, олардың фаунасы мен флорасын танып білуіне ықпал ету, туған еліне деген мақтаныш сезімін қалыптастыру.
• Аймақтардың табиғат ерекшеліктерін байланысты еңбек түрлері, олардың даму тарихы мен бүгіні туралы ақпараттар алмасуға жағдай жасау.
• Аймақтардағы дәстүрлі өнер (ән, би, шешендік, жыраулық, айтыс, ұлттық ойын, спорт т.с.с.) түрлерінің ерекшеліктерін сараларуға мүмкіндік туғызу.
• Қоғамдық белсенділігі жоғары, елінің маңызды мәселелерін шешуге, оның тағдырына деген жауапкершілікті өзіне алуға қабілетті құқықтық мемлекеттің азаматын қалыптастыру.

Танымдық экспедицияға қатысушылар
Мектеп оқушылары қатысады. Жас ерекшеліктерін ескере отырып тапсырмалар 1-4 сынып, 5-9 сынып, 10-11 сыныптарға беріледі.
Шара алдымен сыныпта өткізіледі. Қорытынды бөлімі мектепішілік үлкен шарада тыңдалады.

Танымдық экспедицияның өткізілу тәртібі
Сыныптар арасында 14 облыс, Алматы және Астана қалалары, «¥лы даланың астаналары» бөлініп беріледі. Тапсырмалар:
1-4 сыныптар үшін (ересектердің көмегімен):
• Берілген аймақ туралы толық ақпарат жинау, фильмдер көру.
• «Табиғат тамашалары» тақырыбындағы оқушылардың суреттерінің көрмесін ұйымдастыру (берілген аймақ табиғаты).
• Сол өңірден шыққан тұлғалар, танымал адамдар туралы материалдар жинақтау.
• Өздеріне «Менің өлкем» тақырыбында эссе жаздыру.
Қорытындылау:
• Картадағы орнын көрсете отырып слайдтар арқылы көрсетілім немесе фильм.
• Географиялық орны, табиғаты, мәдени, тарихи байлығын т.б. көрсету.
• Аймақ туралы ақын-жазушылардың өлең-жырларын жинақтап, оқыту, жатқа айтқызу. (Өзге де ерекше шығармашылық жұмыстарға мүмкіндік беріледі)

5-8 сыныптар үшін (ата-аналармен бірлесе жасауға болады):
• Берілген аймақ туралы толық ақпарат жинау, фильмдер көру, кітапхана, мұрағат материалдарын қарастыру.
• «Тарих толқынында» тақырыбында сол өңірдің тарихынан сыр шертетін материал әзірлеу (тұлғалар, тарихи-мәдени ескерткіштер т.б. қамтылады). (слайдтар арқылы, бенебаян, т.с.с.)
• «Тамаша табиғат» табиғи әсем аймақтары мен табиғи ескерткіштерін жинақтау, (слайдтар арқылы, бенебаян, т.с.с.)
• «Қасиетті өлкем» шығармалар байқауын ұйымдастыру.
Қорытындылау:
• Картадағы орнын көрсете отырып слайдтар арқылы көрсетілім немесе фильм.
• Географиялық орны, табиғаты, мәдени, тарихи байлығын т.б. көрсету.
• «Аймақтағы шаруашылық тарихы. Кеше.Бүгін. Болашақта».
• Аймақ туралы оқушылардың шығармашылық жұмыстары (суреттер көрмесі, үздік шығармалар, өлең-жырлар, эсселер т.б)
• Аймақтың мәдениетіне қатысты осы өлкедегі мақаммен ән айту, жыр оқу, аймаққа тән дәстүрлі өнер түрлерін көрсету.

9-11 сыныптар үшін (ата-аналармен бірлесе жасауға болады):
• Берілген аймақ туралы толық ақпарат жинау, фильмдер көру, кітапхана, мұрағат материалдарын қарастыру.
• «Тарих толқынында» тақырыбында сол өңірдің тарихынан сыр шертетін материал әзірлеу (тұлғалар, тарихи-мәдени ескерткіштер т.б. қамтылады). (слайдтар арқылы, бенебаян, т.с.с.)
• «Тамаша табиғат» табиғи әсем аймақтары мен табиғи ескерткіштерін жинақтау, (слайдтар арқылы, бенебаян, т.с.с.)
• «Кәсіп түбі — нәсіп» аймақтың ерекшелігіне байланысты шаруашылықтың дамуы туралы, кешегісі мен бүгінін қамтып ой-толғау жазу.
Қорытындылау:
• Картадағы орнын көрсете отырып слайдтар арқылы көрсетілім немесе фильм.
• Географиялық орны, табиғаты, мәдени, тарихи байлығын т.б. көрсету.
• Аймақ туралы оқушылардың шығармашылық жұмыстары (суреттер көрмесі, үздік шығармалар, өлең-жырлар, эсселер т.б)
• Аймақтың мәдениетіне қатысты осы өлкедегі мақаммен ән айту, жыр оқу, аймаққа тән дәстүрлі өнер түрлерін көрсету.

Танымдық экспедицияның әділ қазылар алқасы
Шараның қорытынды кезеңінде қатысушылар жұмысын бағалау үшін мектеп әкімшілігі, ата-аналар алқасы, қоғамдық ұйым өкілдері, білім бөлімі, оқыту орталықтарының мамандары, білім беру ұйымдарының жетекшілері, ЖОО оқытушыларынан құралған әділ қазылар алқасын тағайындайды.
Әділ қазылар алқасы қорытынды бөлімді саралайды, жеңімпаздарды анықтап, оларды марапаттайды.

Жеңімпаздарды марапаттау
Жоғарыда көрсетілген ереже талаптарына сай белгіленген өлшемдер бойынша қорытынды бөлімде жеңімпаздар анықталады.
Белгіленген жүлделер:
Бас жүлде –1
Бірінші орын – 1;
Екінші орын – 2;
Үшінші орын – 3;
Ынталандыру –.4.
Жеңімпаздар марапат қағаздары, дипломдармен марапатталады. Материалдық ынталандырулар болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Шығармашылық шеберлікке баулу орталығы © 2018 жеке мәіметтерді өңдеу Frontier Theme