«Шындық пен сынның сардары» тақырыбындағы екінші аудандық байқау
«Шығармашылық шеберлікке баулу орталығы» ЖШС-нің «Рухани уыз» — мектептің оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырудағы басты ұстаным жобасының «Ұлттық болмыс – тұлғалар тағылымы» бағыты бойынша 2025 жылғы 15 мамырда Алматы облысы, Райымбек ауданы, Жамбыл ауылындағы С.Әшімбаев атындағы орта мектепте орта білім беретін мектеп оқушыларының арасында «Шындық пен сынның сардары» тақырыбында әдебиеттанушы, сыншы, тележурналист, жазушы, қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевтың шығармашылығы мен қоғамдық ой-пікірдегі рөлін насихаттауға арналған аудандық байқау 2-ші рет өткізілді.
Өткен жылы бұл байқау «Аспантаудың қос қыраны» тақырыбында алынып, балалар әдебиетінің алып бәйтерегі Бердібек Соқпақбаев және әдебиеттанушы, сыншы, тележурналист, жазушы, қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевтардың өнегелі өмірлерін насихаттауға бағытталған еді.
Байқау ережесі бойынша тапсырмалар 3 кезең бойынша берілді.
І -кезеңде «Шындық жаршысы» деп аталып қатысушылар алдын-ала ұсынылған «Сағат Әшімбаевтың шығармаларындағы ұлттық руханият», «Шындық айтылмаса, қоғам қалай өзгереді?», «Әдеби сын – ұлттық сананың айнасы», «Парасат майданы: әділдіктің биік шыңы» тақырыптарының бірін таңдап, мақала жазып ұсынды. Жұмысты қорғауда мақалаларын жазу барысындағы өздеріңің толғаныстарын, ой-тұжырымдарын баяндады.
ІІ-кезеңде «Қаламгердің ізбасары» тақырыбымен шығармашылық тапсырма орындау, өлең немесе ойтолғау жазу тапсырылды.
ІІІ-кезең. «Ой бейнелері» деп аталып Сағат Әшімбаевтың ұлағатты сөздерін (афоризмдерін) бейнелеу арқылы жеткізу тапсырылды.
Үш кезеңнен құралған байқау тапсырмаларын орындауда мектеп оқушыларының шығармашылығы көпшілікті сүйсіндірді.
Сайысқа қатысушы оқушылар өте белсенді және ойтолғау, өлең, арнау жазумен қатар мақала жазу жұмыстарын да тиянақты орындаған. Бізді қуантқан жағдай, жұмыстарды жасау барысындағы оқушылардың ұсынылған тақырып аясындағы тиянақты жұмыстары болды.
Шығармашылық шеберлікке баулу орталығының бұл бастамасына аудан халқы атынан әкімшілік басшылары ризашылықтарын білдірді. Өз тарапымнан Жамбыл ауылындағы С.Әшімбаев атындағы мектеп ұжымына, «Сағаттану» шығармашылық топ мүшелеріне, Орталық жұмысын жүргізудегі серіктестерім — Айсұлу Қасымбек пен Майра Валиеваға шынайы алғысымды айтамын және осы бағыттағы жұмыстарымыз жалағаса беретіндігіне сенімдімін!
Сонымен қатар, «Шығармашылық шеберлікке баулу орталығы» ЖШС-нің «Рухани уыз» — мектептің оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырудағы басты ұстаным республикалық жобасының «Ұлттық болмыс – тұлғалар тағылымы» бағыты бойынша өткізіліп жатқан жұмыстарымыз және байқауларымыз – Алтынбек Сәрсенбаевқа, Бердібек Соқпақбаевқа, Абдолла Қарсақбаевқа, Есенқұл Жақыпбековқа т.б., ҚР Оқу-ағарту министрлігінің байқаулар тізбесіне енгізілсе дұрыс болар еді…