«Ұлтын сүйген Алтынбек» тақырыбындағы екінші аудандық байқау
«Шығармашылық шеберлікке баулу орталығы» ЖШС-нің «Рухани уыз» — мектептің оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырудағы басты ұстаным республикалық жобасының «Ұлттық болмыс – тұлғалар тағылымы» бағыты бойынша 2025 жылғы 15 мамырда Алматы облысы, Райымбек ауданы, Сарыжаз ауылындағы А.Сәрсенбайұлы атындағы орта мектепте мектеп оқушыларының арасында «Ұлтын сүйген Алтынбек» тақырыбындағы аудандық байқау 2-ші рет өткізілді.
Аудандық байқау мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының тұлғалық болмысын насихаттауға, оның демократияға және азаматтыққа бағдарланған дүниетанымдары мен ұлтжандылық қасиеттерін оқушылардың бойында дарытуға бағытталған. Оқушылар бойына қоғам қайраткерінің өмір жолына үңіле отырып, оның өмірлік мақсаттарын танып білу, түсіну және пайымдау дағдыларын қалыптастыру болды.
Алдын-ала жасалынып ұсынылған ережені аудандық Білім бөлімінің басшысы бекітті және мектептерге жолданды. Ережеде «Дана халықтың дара тұлғасы» тақырыбында жеке шығармашылық жұмыс (ойтолғау, өлең, арнау т.б ) жазу және «Алтынбек –Алаштың асыл азаматы» тақырыбында шағын зерттеу жұмысын жасау тапсырылды. Зерттеу жұмысы бойынша ықшам тақырыпшалар берілді.
Өткен жылғы байқауға ұсынылған материалдар жинақталып, шағын кітапшалар түрінде аудан мектептерінің жетекші ұстаздарына таратылды.
Оқу жылының аяқталуына санаулы күндер қалғанда өткізілген «Ұлтын сүйген Алтынбек» тақырыбындағы аудандық байқауға 10-ға жуық мектептен 20-дан аса оқушы қатысты. Олардың арасында 2 тапсырманы да бірдей орындаған оқушылар бар. Шараға Алтынбектің отбасы мүшелері, ағасы Қайнарбек пен әкпесі Бақытжан қатысты.
Қоғам қайраткерінің өмір жолын зерделей отырып, оның өмірлік ұстанымдарын танып білу жасөспірімдер бойындағы патриоттық сезімді күшейтуге ықпалы зор екендігі сөзсіз. Сайысқа қатысушы оқушылар өте белсенді және ойтолғау, өлең, арнау жазумен қатар зерттеу жұмыстарын да тиянақты орындаған. Бізді қуантқан жағдай, зерттеу жұмыстарын жасау барысында оқушылардың ұсынылған тақырып аясындағы тиянақты жұмыстары болды.
Шығармашылық шеберлікке баулу орталығының бұл бастамасына аудан халқы атынан әкімшілік басшылары ризашылықтарын білдірді.
Өз тарапымнан А.Сәрсенбайұлы атындағы мектеп ұжымына, «Алтынбектану» шығармашылық топ мүшелеріне, Орталық жұмысын жүргізудегі серіктестерім — Айсұлу Қасымбек пен Майра Валиеваға шынайы алғысымды айтамын және осы бағыттағы жұмыстарымыз жалағаса беретіндігіне сенімдімін!
Сонымен қатар, «Шығармашылық шеберлікке баулу орталығы» ЖШС-нің «Рухани уыз» — мектептің оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырудағы басты ұстаным республикалық жобасының «Ұлттық болмыс – тұлғалар тағылымы» бағыты бойынша өткізіліп жатқан байқауларымыз — Сағат Әшімбаевқа, Бердібек Соқпақбаевқа, Абдолла Қарсақбаевқа, Есенқұл Жақыпбековқа т.б., ҚР Оқу-ағарту министрлігінің байқаулар тізбесіне енгізілсе дұрыс болар еді…