Республикадағы білім беру саласы қызметкерлерінің кәсіби шығармашылығын шыңдау, оларға педагогикалық-психологиялық, әдістемелік қолдау көрсету, жеке авторлық ізденісіне бағдар беру және балалардың тұлғалық дамуы мен дарындылық қабілеттерін ұштау, ата-аналармен білім беру ұйымдарының ынтымақтастығын дамыту мақсатында қызмет атқаратын «Шығармашылық шеберлікке баулу орталығы» ЖШС «Алтын бесік» атты ауыл тұрғындарымен жүргізілуге арналған әлеуметтік‑танымдық жоба аясында «Отбасы – ауыл айнасы» тақырыбында отбасылар фестивалін ұйымдастыруға шақырады.
Отбасылар фестивалінің мақсаты: Қазақ халқының салт‑дәстүрін жандандыра отырып, заманауи әулет мәдениеті мен отбасы дәстүрлерінің танымдық‑тағылымдық негізін қалау.
Міндеттері:
- Ата‑баба жолымен үлкендер ұлағатын дәріптеп, үлгі‑өнеге болатын салт‑дәстүрлерді жандандыру (ата сөзі, ана үлгісі, ата аманаты, отбасылық жәдігер, немереге мирас, бәсіре, әулет шежіресі, отбасылық мереке күндерін белгілеу және т.б.);
- Әулеттегі ынтымақ‑бірлік артырып, ағайын арасындағы ұрпақ тәрбиесін өрістету тағылымын қалыптастыру;
- Отбасы мәдениетін қалыптастыру, әулет мүшелерінің өнер, білім, іскерлік пен салауатты өмір салтын ұстану дәстүрлерінің озық үлгілерін, ауыл мәдениетін дамытудың тың жобаларын ұсыну.
Күтілетін нәтиже:
- Ауыл азаматтарының үлкеннен үйрену, кейінгіге өнегелі іс қалдыру көзқарасы бекиді, жас ұрпақтың ата‑баба дәстүрін насихаттауға қызығушылығы, зерттеп‑зерделеу уәжі қалыптасады;
- Әулеттегі бірлікті артырып, ағайын арасындағы ұрпақ ынтымақтастығын дәріптейтін жүйелі тәрбие қауымдастығы қаланады;
- Отбасы мәдениеті қалыптасады, әр әулет мүшелерінің өнер, білім, іскерлік пен салауатты өмір салтын ұстануға, отбасылық заманауи дәстүрлер негізін қалауына мүмкіндік ашылады, ауыл мәдениеті дамиды.
Фестиваль кезеңдері:
І бөлім.
- «Ұрпағыма ұлағат» немесе аға буын аманаты.
Отбасының үлкен кісілері ақылдасып, ұрпағына үлгі‑өнеге болатын бір дәстүрді көрсетеді немесе ескі ұмытыла бастаған бір дәстүрді жандандырады. Өз отбасының дәстүрі ретінде тұсауын кеседі.
- «Төрде отырып, төрелік айт». Жағдаятқа байланысты шешім қабылдау.
ІІ бөлім. «Ортаға кел, орта буын»
- «Бүгінгі бірлік – ертеңгі тірлік» (Ауыл мәдениетін, өз әулеттерінің мәдениетін арттыруға арналған отбасы жобасы)
2. «Әулетке тән жеті өнер», отбасы мүшелері өнерлерін ортаға салады.
ІІІ бөлім. «Балалы үй ‑ базар»
1. Көңілділер мен ептілер сайысы, ұйымдастырушылар тарапынан ұсынылатын тапырмаларды орындау.
2. Жалпы флешмоб.
«Отбасы – ауыл айнасы» тақырыбында отбасыларфестивалін қорытындылау
Атаған шараны бағалау үшін мектеп әкімшілігі, ата-аналар алқасы, қоғамдық ұйым өкілдері, білім бөлімі, оқыту орталықтарының мамандары, білім беру ұйымдарының жетекшілері, ЖОО оқытушыларынан құралған әділ қазылар алқасы тағайындалады.
Әділ қазылар алқасы қорытынды бөлімді саралайды, жеңімпаздарды анықтап, оларды марапаттайды. Жеңімпаздар мақтау қағаздары, дипломдармен марапатталады.
Электронды пошта: sheberlyk@gmail.com, aisulu64@mail.ru
Байланыс телефондары: +77073187140, +77758531701, +77013137439.