Абайдың қара сөздері: тәрбие туралы ойлары, толғаныстары

Абайдың қара сөздері: тәрбие туралы ойлары, толғаныстары

Гүлнар Тоқайқызы, ұстаз

Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Ұлтымызға тән асыл қасиеттерді бүгінгі жастарымыз ана сүтімен толықтай бойға дарытып, сүйеккке сіңіре алмай отыр. Түрі қазақ, түсінігі басқа осынау ұрпақ кесірінен казақ  халқы бұрын-соңды болмаған рухани құлдырауға ұшырады. Бүгінде жастарымыздың бойындағы әке-шешелерін қарттар үйіне өткізу, балаларын жетімдер үйіне тастау т.б. тәрізді жағымсыз әрекеттер дендеп барады. Мұндай сұмдыққа бойымыз үйренгені соншама, тіпті, таңданбайтын да болдық. 

Халқымыздың мәдениеті де, салт-дәстүрі де дүние жүзіндегі көптеген елдің болмыс-бітіміннен әлдеқайда бай, әлдеқайда құнарлы екеніне бүгінгі саяси жаңғырулардан кейін ғана көзіміз жете түскендей.

Қоғамдағы орын алып жатқан сорақы қылықтардың  жиі көрінуі – ұлттық тәлім-тәрбиенің, отбасылық құндылықтардың дұрыс насихатталмауынан, тәрбие жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуінен туындап отырған құбылыстар.

Әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фараби: «Халық өткен өмір тарихын білмесе, өзінің өмір сүріп жатқан дәуірінің қадірін бағалай алмайды» – деген екен. Олай болса, тарихқа, тарихи бастауларға, мәдени мұраларымызға қаншалықты терең үңілсек, қоғамдағы қазіргі жағдайды соғұрлым жақсы түсінетін, білетін боламыз.

Осындай тарихи мұралардың бірі де бірегейі – қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың философиялық ойлары тұжырымдалған қара сөздері. Ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздері адамзатқа рухани азық, ерекше тәлім береді, адамгершілікке үндейді.

Мысалы, жетінші сөзде …. «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі — ішсем, жесем, ұйқтасам деп тұрады. Бұлар — тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды…

…Енді бірі не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, т.б. ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі — білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген жан құмары» дегенді айтады.

Бұл қара сөзінде «тән құмары», «жан құмары» деген күрделі философиялық ұғымдар айтылады. Бұл екеуі де – адамзат болмысына тән сипаттар. Тәрбие осы екеуін саралап, оның адам баласына қажеттілігі мен маңыздылығын танып‑білетіндей деңгейде жүруі керек. Яғни, тәрбиелеу ұғымындағы жанның азығы мен тәннің қажеттіліктері тиісті деңгейінде балаға беріліп отыруы керек, біржақты болу, белгілі бір құмарлыққа басымдық беру адамның адам болып қалыптасу мүмкіндіктерін тежейтінін көрсетеді.

Мағжан Жұмабаев тәрбиелеу бағыттары туралы: «Тәрбие төрт түрлі: дене, жан, ақыл тәрбиесi, сұлулық пен әдеп-құлық тәрбиесi. Егер де адам баласына осы төрт тәрбие тегiс берiлсе, оның тәрбиесi түгел болғаны. Бала мығым денелi, түзу ойлайтын, дұрыс шешетiн, дәл табатын ақылды болса, сұлу сөз, сиқырлы әуен, әдемi түрден ләззат алып, жан толқындырарлық болса, жамандықтан жаны жиренiп, жақсылықты жаны тiлеп тұратын құлықты болса ғана адам баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы… Балам адам болсын деген ата-ана осы төрт тәрбиенi дұрыс орындасын» деген тұжырым қалдырған.

Он тоғызыншы сөзде «…Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады…» деген ғұлама адам баласының тәрбиесінің сан қырлы болатынын тағы бір тұсынан ашып көрсетеді. Жалпы алғанда, бұл қара сөзде айтылатын ұғымдар естілік, білімділік, салауаттылық, имандылық қасиеттерді адам бойына сіңірудің басты жолы санаға әсер ету арқылы жүзеге асатынын білдіреді.

Сана – философиялық ұғым. Оқу-тәрбие үдерісінде сана түсінігін адам болмысы, табиғаты тұрғысынан аламыз. Сана – адами қабілеттілік, ортамен, қоғаммен табиғи және мәдени қатынастар көрінісі. Шын мәнісінде, сана арқылы тіршілік әлеміндегі құбылысты жеке адам өзінде бекітеді. Академик Совет-Хан Ғаббасұлы «сана» ұғымын ой елегінен өткен білім немесе болып жатқан оқиғаларды ой елегімен іріктеп, талғап қабылдау деп түсіндіреді.

Абай саналы адамға тән қабілет, қасиеттерді жан‑жақты талдай қарайды. Мақсат пен нәтиженің арасын өлшеп, өзінің өмірлік мақсатын халықтың болашағымен байланыстырып, ұштастырады: «Мақсатым — тіл ұстартып, өнер шашпақ. Наданның көзін қойып, көңін ашпақ. Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер, Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ» дейді.

Сананы байлық сана, кедейлік санаға бөлмейді, өйткені, бай мен кедейдің саналысы да, санасызы да, адамгершілігі бары да, жоғы да бар екенін жақсы біледі. Байды да, кедейді де еңбек етуге шақырады. Еңбек еткен адамның кедейі болмасы – шындық! Абай «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дей отырып, сананы  білім мен тәрбиенің, адамгершілік пен азаматтықтың биік өлшемі ретінде ұсынады.

Қазақ кең байтақ даласының қай қиырында жүрсе де негізінен төрт түлік малын өсіріп, жерін өңдеп, дән де сеуіп, малшылық пен диқаншылықты тірліктің қуатты көзіне айналдыра білген. Ата-бабаларымыз еңбектің пайдасы жөнінде аз толғанбаған. Төрт түлік малдың атасын саралап, Шопан ата, Қамбар ата, Зеңгі баба, Ойсыл қара, Сексек ата деп дәріптеген бабаларымыз таңның атысы, күннің батысы жерді баптаған жандарды Диқан бабаның ұлағатты ісін жалғастырушылар деп құрметтеген.

Ұлы ақынның қара сөздеріндегі еңбек тәрбиесіне қатысты тұжырымдарды қарастырсақ, ол еңбек ету мен еңбекқор жанның ет тірілігін, тіршілік пәлсапасын дәл сипаттайды. Алтыншы сөзде «…Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың.

Кеселді жалқау, қылжақбас,

Әзір тамақ, әзір ас,

Сыртың — пысық, ішің — нас,

Артын ойлап ұялмас, — болып жүріп, тірімін деме, онан да алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық» деп еңбек жасауға ұмтылмаудың кесапаты мен жалқаулықтың ақырын анық айтып, онан жиренуге шақырады. Өнер үйренуге үндейді. Отыз үшінші қара сөзінде  «…Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі — қазақтың әулиесі сол…» деп қолөнердің игілігін насихаттайды.

Сонымен қатар, қолөнерді меңгерген қазақтың мінезіндегі бойкүйездік қасиеттерге: «..өнер арттырайын деп, түзден өнер іздемейді, еріншектік, салдау-салғырттыққа, кербездікке салынады, мақтанып кеткіш, қу тілге алданып, өзінің уақытын бос өткізеді, тамырым, досым деп еңбек қылар уақытынан айрылып, «жоғары шыққа» қарық болып, тамақ, киім, борыш есінен шығып кетті»  деп қынжылады.

Өмір әуенін еңбек жырымен қатар өрген қазақ халқы үшін өнер – өте қасиетті ұғым екенін көрсетеді. Ұлы ақын оны қадірлеуді, еңбекқор болуға шақырады. Өйткені қол өнері қызметінің жемісі сол адамның өзінің әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, көпшіліктің кәдесіне жарайды, олардың бір-бірімен қатынас жасау факторына айналады, қоғамдық тілекті қанағаттандырады деп үндейді.

Халқымыз қолөнерден бастап адамды ерекшелеп тұратын тамаша қасиеттерді «он саусағынан өнер тамған», «өнерлі жан», «көмейіне бұлбұл ұялаған», «шебер» деп дәріптеген халқымыздың бүгінгі күнде де өнерді серік еткен жандарға «өнер шебері» деп текке құрметтемеген болса керек.

Сол сияқты, Абайдың он жетінші қара сөзі қайрат, ақыл, жүрек, ғылымға арналады. Абай жүректі, яғни адам-адамды сүю, адам үшін қызмет етуді бірінші орынға қояды. Бұл мәселелер бүгінгі білім беру жүйесіне енгізіліп жатқан жаңатылған білім мазмұнындағы әлемдік педагогика ілімдерімен ұштасады, яғни Шульман ілімімен сабақтас деуге болады. Себебі, онда айтылатын мұғалімнің үш көмекшісі: бас-қол-жүрек ұғымындағы «кәсіби-адамгершілік тұтастық» осы жұмсақ мінез бен төзімділік танытуды көздейді. Бұл жерде мұғалім шыншыл, төзімді, оқушыларға мейіріммен қарайтын, аяушылық танытанатын, құрмет көрсететін әділ адамдар ретінде берілген. Абайдың «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» нақылымен Шульманның ілімі үндес екендігін көреміз.

Он төртінші сөзінде «…Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады….» дейді және он бесінші сөзінде ақылды кісі мен ақылсыз кісінің табиғатын  аша отырып,  «…есті кісілердің қатарында болғың келсе күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің?» деп адамның өзіне өзі қадағалау жасау, есеп беруін міндеттейді. Адамның өзін-өзі тәрбиелеу мәселесінің маңыздылығын ашып көрсетеді.

Тәрбие беру барысында уақыт пен өмір құндылықтарын бағалай білуді Абай «Төртінші сөзінде» анық айтып өтеді: Адам баласының «жылап туып, кейіп өлетін» себебін нақты түсіндіреді.

Ол уақытты тиімді өткізбей, құр мақтанумен, бірін-бірі аңдып, жарамсыз қылықпен өткізген адамның қор болып, бұ дүниенің рахатының кайда екенін білмей қалатынын айтады. Ал уақыт өтіп, алдамшы әрекеттер жалықтырып, амалдап жүрген тіршілігі «таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды» дейді. Расымен, алдына мағыналы мақсат қоймаған жанның тіршілігі. Әйтеуір тіршілік жасасам деп «қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ — өнерсіз иттің ісі» деп, өмірде ұсақ қылық, арзан әрекетке барған жанның портретін ашады. Тәрбиенің, өзін өзі тәрбиелеудің нағыз жолын былай нұсқайды:» Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды».

Тәрбиенің мінсіз болуына қатысты «Отыз екінші сөзде» данышпан «ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады» дейді. Мінездің беріктігі бекерден бекер келмесі анық, ол тәрбие алу, жақсы іске дағдылану әу бастан басталуы керектігін айтып, олай болмаған күнде адамның алдамшы әрекетке баратын психикасы қалыптасатынын айтады. «Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын! Бұл беріктік бір ақыл, ар үшін болсын!» деп отырып, Абай өзінің ойтұжырымында берік мінез, таза ар деген ұғымдарды ақылмен астарлайды.

Абай қарасөздері – тәрбие теңізі. Оның бір тамшысы дарыған жерде ар тазалығы мен жан тазалығы орын алады, егер оны бүкіл ғұмырына бұлақтай дарытар болса, нәрлі уызы мол адамгершілік арнасы болар еді. Ұлы данышпанның ұлағатымен ұрпағымызды сусындата берейік, көзі ашық, көкірегі ояу зиялы да зиятты қауым!

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Абай. Энциклопедия. — Алматы: «Атамұра», 1995.
  2. Совет-Хан Ғаббасов «Ұрпақ тәрбиесінің жаңа ілімі», Алматы: Алматыкітап, 2014.
  3. Г.Т.Қажиева, Б.А.Қағазов, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы негізінде мектептегі тәрбие жұмысы мазмұнын жаңарту жолдары: Әдістемелік нұсқаулық  – Алматы,  2016.- 70 бет
  4. Б.А.Қағазов Деңгейлік курс бағдарламасы түйінді идеяларының әліппесі: – Алматы: ББЖ ҚБАРИ, 2015. – 46 бет
  5. https://kk.wikipedia.org/wiki/.
Обновлено: 2020-08-07 — 07:36

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Шығармашылық шеберлікке баулу орталығы © 2018 жеке мәіметтерді өңдеу Frontier Theme