«Шығармашылық шеберлікке баулу орталығы» ЖШС 2023-2026 жылдар арасында «Рухани уыз» — мектептің оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырудағы басты ұстаным» тақырыбы бойынша ғылыми-тәжірибелік жоба жұмысын жүргізу бағдарламасын бастады.
Жобаның басты мақсаты отанының тағдыры үшін жауапты, белсенді азаматтық ұстанымы бар Қазақстан азаматы мен патриотының тұлғасын қалыптастыруға және білім беру ұйымындағы тәрбие жұмысын жүйелі жүргізуге ықпал ету.
2023 жылдың 11-12 сәуірі күні Алматы облысы, Ұйғыр ауданынындағы Шарын ауылындағы Д. Қонаев атындағы орта мектепте, «Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектепте, Абай атындағы мектеп-гимназияларында аталған жоба аясындағы алғашқы оқыту семинарын өткіздік.
Семинар барысында бағдарламаның негізігі ерекшеліктерін айта отырып, бағдарлама аясындағы басты қағидаттар түсіндірілді. Бұл бағдарлама 2023-2026 жылға дейін республиканың жекелеген мектептеріне ұсынылып, тәрбие жұмысын ұлттық құндылықтарға негіздей ұйымдастырудың өзіндік үлгісін жасамақ.
Оқушылардың бойына сәлемдесу әдебін қалыптастыру, үзіліс сәтін ұйымдастыру, өнеге минуттарын, «сөйлейтін қабырғалар» әдістемесін ендіру білім беру ұйымдарында орын алып жатқан тәрбие жұмыстарына оңды ықпал ететіні сөзсіз. Мектептегі тәрбие жұмысын жүйелеу мен сабақ мазмұнын құндылықтарға бағыттау мәселесі де айтылды.
Д. Қонаев атындағы орта мектептің ұлағатты ұстазы, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері Серік Сулейменұлы Оразалиев, жас ұрпақты әдепті де саналы, арлы да абыройлы етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен тәрбие ережелеріне тірек арта отырып, ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды саналарына сіңіре білуіміз қажет деп өз ойымен бөлісті. Сонымен қатар, мектеп директоры Нуржамал Қаршығақызы Суирбаева «Рухани уыз» бағдарламасы бойынша оқу-тәрбие жұмыс жоспарының құрылғанын, жұмыстың барысымен таныстырды.
Бастауыш сынып мұғалімі Назкеш Алимбайқызы Жылқыбаева да ұлттық тәрбиеден нәр алған адам-рухани құндылықтарды бойына сіңіріп өскен бала жеке тұлға болып қалыптасуына арқау болатын бұл бағдараламаның рөлін ерекше деп тапты.
«Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» белгісінің иегері, педагогика ғылымдарының кандидаты Валиева Майра Уәлиқызы ұлттық тәрбиені бала бойына сіңіруде ұлттық құндылықтарымызды жетілдіру өте маңызды, ал ұлттық тәрбие арқылы біз ұлтжанды, парасатты ұрпақ өсіретініміз сөзсіз. Рухы асқақ, іргесі берік ел боламыз десек, ең бастысы ұрпақ тәрбиесі мен біліміне сергек қарауымыз қажет. Бұл орайда Гүлнар Тоқайқызы Қажиеваның «Рухани уыз» бағдарламасының маңызы орасан зор деп семинар жұмысын қортындылады.



