«Рухани уыз» тәрбие бағдарламасы

 «Рухани уыз» тәрбие бағдарламасы

Гүлнар Тоқайқызы Қажиева

«Оқыту  дегеніміз философиялық негізде білім беру,

ал, тәрбиелеу –  ұрпаққа адамгершілік өмір тәртібі мен

алуан түрлі өнер салаларынан тәлімгерлік үлгі

беретін ұстаздық қызмет».

Әл Фараби

Қазіргі кезде білім, тәрбие беру саласында ежелден келе жатқан халық тарихының, дәстүрінің, рухани ата-баба мұраларының алатын орны зор. Ежелгі түркілік тектен тараған халқымыздың інжу-маржандары, қазақ халқының ұлы ойшылдары  мен ғұлама абыздарынан мұра боп қалған асыл сөздер халқымыздың бойына, жастардың жүрегіне өшпес із қалдырумен келеді.

Ата Заңымызда және басқа да маңызды құжаттарда айқындалғандай жеке тұлғаның ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде қалыптасуы мен дамуы, оның кәсіби жетілуі үшін қажетті жағдайлар жасау, білім алуы және жан-жақты жетілуі, ана тілін, ұлттық салт дәстүрлерді сақтауы, ақпараттану,  ден-саулығын нығайту сияқты құқықтарын іске асыру – мемлекеттік саясаттың негізгі тармағы болып табылады.

Қазақстан Республикасында мекен етіп жатқан өзге диаспора өкілдері де ұрпақ қамын өздерінің әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері негізінде жүргізе отырып, қазақ халқының тілі мен өзге де рухани тұстарын қабылдағаны жөн. Бұл үдеріс қазақ қоғамында бірте-бірте жүріп те жатыр. Бұған бүгінгі күні өзге ұлт өкілдерінің бүлдіршіндері қазақ бала бақшалары мен мектептерінде тәрбиеленіп, тіл ұстартып жатқанын мысалға алуға болады.

Жалпыадамзаттық құндылықтарды саралап, оның  іргелі бөлшегі болып саналатын ұлттық құндылықтарға қатысты ұғымдарды нақтылау ізденісін төмендегідей бағытта жүйелегенді жөн санадық: ұлттық болмыс, ұлттық дүниетаным, ұлттық педагогика, ұлттық мәдениет, ұлттық экономика.

Аталған құндылықтарды ой елегінен өткізіп, ерекше тағылымын бойына сіңіре алған ұрпақ өз ұлтының қадір-қасиетін, тарих толқынындағы қилы тағдырын танып, өз ұлтын жанымен сүйіп, бағалай білетін ұлтжанды тұлға болары сөзсіз.

Осыдан білім беру жүйесіндегі тәрбие беру ісін дәстүрлі қазақ қоғамындағы ұлттық құндылықтар негізін басшылыққа ала, ізденісімізді ұлғайта отырып, іс тетігін шешу мәселелері туындайды. Осыған орай өз бағдарламамызды «Рухани уыз» деп атауды жөн санадық.

«Рухани уыз» бағдарламасының мақсаты мен міндеттері

 Мақсаты: Өзінің міндеттерін түсінетін, өмірді және өзін, өзінің іс-әрекеттерін рухани-адамгершілік нормалары тұрғысынан дұрыс бағалауға қабілетті толық тұлғаны тәрбиелеу, Отанының тағдыры үшін жауапты, белсенді  азаматтық ұстанымы бар Қазақстан азаматы мен патриотының тұлғасын қалыптастыруға ықпал ету.

Міндеттері: Мектептің оқу-тәрбие үдерісі арқылы жас ұрпақ бойында төмендегідей қасиеттерді қалыптастыру:

− жеке басына тән қасиеттер: еркіндігі,  дербестігі, тәуелсіз болуы, өз-өзін басқара  алуы, денінің саулығы, ізеттілік, инабаттылық қасиеттері.

− отбасы мүшесіне тән қасиеттер: өз отбасы мүшелерімен ізгі қарым қатыстар орнатуы, отбасын қолайлы тіршілік ортасы деп түсінуі;

− қоғамға қатысты қасиеттер: қоғамның толық мүшесі ретінде сезінуі, қоғамның әл-ауқатына ықпалы барын сезінуі,  өз ісіне берілу, шығармашыл тұлға болуы, әлеуметтік, рухани құндылықтарды бағалай алуы;

− азаматтық қасиеттер: ұлтын, елін, жерін сүюі, ұлттық құндылықтарды қастерлеуі, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, отаншылдық сезімінің жоғары болуы.

Нәтижесінде мейірімді, инабатты адам, бауырмал отбасы мүшесі, шығармашыл дара тұлға, жауапкершілгі мол азамат, салауатты  да салиқалы тұлға қалыптасады.

Бағдарламаның ерекшелігі:

Оқу-тәрбие үдерісінде ұлттық құндылықтарымызды, халықтық педагогика материалдарын жүйелі пайдалану жолға қойылады.
Мектеп, ауыл мұражайын ашу қолға алынады.
Ауыл тарихы, мектеп тарихы, елді мекен, жер-су аттарының тарихы зерделенеді.
Мектептен, ауылдан шыққан тұлғалар, ел мақтаныштары, қоғам қайраткерлері туралы материалдар жинақталады.
Ел ауызындағы өнегелі әңгімелер, бата-тілектер, дәстүрлі әндер, халықтық өнер туындыларын жаңғырту жұмыстары жолға қойылады.

 Мектептегі оқу-тәрбиені ұйымдастыру

 Жоғарыда аталған қасиеттерді оқушының бойына сіңіру үшін елін, ұлтын, Отанын сүюге және құрметтеуге тәрбиелеу, рухани құндылықтарға ізгі қарым-қатынасты қалыптастыруды қазақ елінің мәдениетін, тарихын, фольклорын, салт-дәстүрлерін үздіксіз оқу-тәрбие үдерісінде пайдалану арқылы жүзеге асыру, насихаттауды төменде берілген міндеттер арқылы жүзеге асырамыз:

Оқушылар бойында ұлтжандылықты, азаматтылықты және намысқорлық қасиеттерді қалыптастыру, патриоттық сананы қалыптастыру;
мектептің ізгілікті дәстүрлерін қалыптастыру;
отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттау;
тұлға бойындағы рухани-адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына ықпал ету;
құқықтық сананы қалыптастыру және дамыту;
жалпы адамзаттық қасиеттердің негізінде жан жақты мәдениетті, өзгермелі өмір жағдайларына бейім тұлғаны қалыптастыру;
салауатты өмір салтын ұстану дағдыларын қалыптастырудың кешенді, үздіксіз және тұрақты жүйесін құру.

Мектептің оқу-тәрбие үдерісін  жүйелеуде мынадай үлкен 5 тармақты қарастырдық:

Ұлттық болмыс.
Ұлттық дүниетаным.
Ұлттық педагогика.
Ұлт мәдениеті.
Ұлттық экономика.
Ұлттық болмыс. Ұлттық болмыс әр ұлттың этностық ерекшеліктеріне байланысты жүйеленеді. Болмыс ұғымы – өзінен кейінгі шартты атаулардың бәрін жинақтап таныта білетін ұғым. «Этнос» — тарихи қалыптасқан этникалық қауымдастық – тайпа, халық, ұлт. Яғни белгілі бір халыққа қатысты атамекен, өңірлік ақпараттар жиынтығын (этногеография), жалпы халықтың өсіп-өну, ұлттық тегі мен тарихын негіздейтін шежірелік арнасын (этнодемография, этноним, этногенез), этнотілдік, этноәлеуметтік, этномінез-құлық, т.б.сан-салалы сипаттарын айқындайды.

 Тұлғалық болмысты қалыптастыру: Тұлғалық тағылымға зер салу, елдік рух, тарих алдындағы адамдық міндеттер, ұлылар ұлағаты, бабалар мұрасына құрмет, ұрпақ сабақтастығы. Мәдени мұраны зерттеуге бағыттау т.б.

Ұлттық дүниетаным. Бабалар тағылымы. Ұлы Дала философиясының даналық қағидаттары елді сүю, Отанды қорғау, ұлтын қастерлеу, баба мұрасына құрметпен қарау, т.б. шынайы құндылықтарды танып-үйренуге бағыттайды.

Тұлғаның ішкі әлеуеттік мүмкіндіктерін (сезім, түйсік, қисын, жүйелі ойлау, нақты шешім, кесімді пікір, байлаулы серт, ар, намыс, т.б.) жинақтап, жүйелеп, оны тарихтың тынысына, халықтың тағдырына қатысты жағдайда орынды пайдалана білуге үйретеді. Даланың данышпандық мектебінің философтары ұшы-қиыры жоқ кең даладағы аудиториямен жұмыс жасай білген. Басты әдіс – құлаққа жетіп, көңілге сіңетін сөз өнерінің құдіретіне жүгіну. Оны баланың жасына сай ертегі, жұмбақ, жаңылтпаш, жастық кезеңдегі сезімге бай әндер мен рухани  қасиет-қабілетті ұштайтын толғамды жыр, қисса-дастандар,  даналықтың жолын табуға жөн-бағдар болар аталы сөз, шешендік түйін, шежіре, т.б. әдіс-тәсілдермен жеткізе білген.

Ұлттық педагогика. Салт, дәстүр, әдет, ғұрыпты үйрену, халықтық педагогика – ұлттық салт-дәстүрлер мен мәдени даму процесінің озық үлгілерінің жиынтығы.
Ұлт мәдениеті. Ұлт мәдениеті (этномәдениет) әр ұлттың этнотұлғасын аша түсетін, белгілі бір халықтың заттық, рухани мәдениет, тұрмысы мен тағдырына, әдет-ғұрыпты дәріптейтін көзқарасын, т.б. ерекшеліктерін танытатын бір бөлім. Ол ұлттың дәстүр-салты, өнері, спорт түрлері т.б. этнографиялық тағылымына тереңдеуге мүмкіндік береді.

Ұлттық өнер, айтыс, ән-күй, ақындық, шешендік: әсемдікке баулу, ұлттық өнердің қажеттілігі мен құндылығын түсіндіру, сіңіру;

Ұлттық спорт, атбегілік, құсбегілік, күрес, т.б.: салауатты өмір салты ұстанымдары, спорттың тұлға өміріндегі мәні мен маңызын зерделеу т.б.

Ұлттық экономика. Әр ұлт орналасқан жер жағдайына, табиғаттың қолайлығына қарай еңбек етіп, шаруашылық пен кәсіптің белгілі бір салаларын дамытады. Біз ата-бабаларымыз төрт түлік малмен айналысқан десек, бүгінгі күнде де кәсіпкерліктің басты салаларының бірі – мал өсіру. Тіпті шетелдерден әкеліп, өзге (түйеқұс, зубр, т.б.) шаруашылық түрлерін дамытып отырғандар да бар.

Экономика, атакәсіп, шаруашылық, тұлғалық іскерлік: тұлғалық кәсіби ізденіс, мамандыққа баулу, өнеркәсіп пен шаруашылықты  зерделеу, кәсіпке бейімделу,т.б.

     Тәрбие қағидалары:

Тұлғаның қоғам алдындағы жауапкершілігі мен белсенді өмір сүру дағдыларын қалыптастыру.
Тәрбиешілер мен тәрбиеленушілер арасындағы ізгі педагогикалық ынтымақтастық, ықпалдастық.
Тәрбиешінің әкімгерліктен, әміршілдіктен арылуы. Тәлімгер –шәкірттің ақылшысы, жолбасшысы, көмекшісі, қамқоршысы, жәрдемшісі.
Тәрбиенің даралау үлгісі ұстанымын басшылыққа ала отырып ұжымдық тәрбиеге көшу.
Шәкірттің ар-ожданына нұқсан келтірмеу, жеке қарым қатынастағы құпиялық сақтау.
Үлгілі және қоланбалы тәрбие (моральдық кодекс, ар-ождан кодексі, мінез-құлық және қоғамдық тәртіп ережелері, ұлттық әдет-ғұрып және салт – дәстүр ережелері т.б.) ережелерін басшылыққа алу.
Тәрбиеде дәйекті нәтижеге жетуді мақсат ететін тәрбиенің өлшемін (білім, ғылым, тәжірибе, уақыт, еңбек, энергия) тиімді пайдалану.
Тәрбие нысандарын табиғат заңдылықтарымен ықпалдастыру. Адам (жан мен тән) экологиясы, қоғамдық қарым-қатнас экологиясы, табиғат экологиясы біртұтас қаралуы тиіс.
Тұлғаның дамуы мен кемелденуінде кешенді үйлесімділік (адамилық, табиғилық, жаратылыстық, әлеуметтік-психологиялық, мәдени-эстетикалық, қоғамдық — этикалық) қалыптастыру.

Мектептің тәрбие жұмысын ұйымдастырудағы басты ұстанымдар

Мектептегі тәрбиелеу ұстанымдары – ұйымдастыру формаларын айқындайтын негізгі идеялар, тәрбие үрдісінің әдістері және оның жалпы заңдылықтары мен мақсаттары. Қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайда орта мектепте тәрбиелеудің өзекті ұстанымдары мыналар:

Бағдарлы мақсат қою;
Шәкірттің ықылас ынтасын, белсенділігін қолдау;
Бірыңғай талап қою және тәрбиеленушілерге құрметпен қарау. Ізгі қарым-қатынас;
Даралық және жас ерекшеліктерін ескеру;
Еркіндік және сенім;
Тәрбие тағылымдарын жүйелі, бір арнада, үздіксіз, қалыпты деңгейде жүргізу;
Тәрбиенің өмірмен, еңбекпен және практикалық іс әрекетпен байланысты болуы;
Оқу орындары мен жанұяның тәрбиелік бағдарының бір арнадан тоғысуы;
Тек ұлттық мүддеге сәйкес келетін қажетті тәрбие беру.

Оқушылармен жүргізілетін жұмыстар

Мектептің тәрбие орталығын құру.
Мектептің оқу-тәрбие мазмұнын оқушының функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға бағыттай құру және сыныптан тыс жүргізілетін қолданбалы курстар, әр бағыттағы үйірме жұмыстары, зерттеу топтарын құру.
Оқытудың тәрбиелік құрамдасын күшейту үшін пән сабақтарында және сыныптан тыс шараларда,
бастауыш сыныптарда – тіл ширату, жаңылтпаштар, санамақтар, жұмбақтарды қолдану.
орта буын оқушылары үшін – мақалдар мен мәтелдер, балалар жырлары, мазақтамалар, өтірік өлеңдер, ойын өлеңдерді,
жоғарғы сыныптарда – шешендік сөздер, термелер, ертегілер, аңыз әңгімелер, жырларды, дала даналарының тәлімдік, өнегелері ойларын жүйелі қолдану.
Ел-жер, ауыл-аймақ тарихын, тұлғалар тарихын зерттейтін топтар, табиғат құбылыстарын болжау орталықтары, ауыз әдебиеті мен батырлық жырлары, дастандар т.б. құндылықтарды зерделейтін, насихаттайтын әр пәнге қатысты үйірме жұмыстарын ұйымдастыру.
Қазақтың қолданбалы қолөнері үйірмелерін құру, ісмерлік сыныптарын, топтарын ашу:
Кәсіпке қатысты – ұлттық ою-өрнек, кесте, зергерлік өнім, тоқыма, ұлттық тағам түрлері, оның құрамын білу, әрі дайындау технолоиясы т.б.
Өнерге қатысты – айтыс, жыршылар, термешілер, әуесқой музыканттар мектебін ашу, үйірме жұмыстары;
драма үйірмелері – ауыз әдебиеті үлгілерін сахналау;
поэзия мен көркемсөз өнеріне баулитын, әрі актерлік қабілетін дамытатын, көркем оқуға жаттықтыратын үйірмелер;
Спортқа қатысты – «Ұлттық ойындар», «Тоғызқұмалақ», «Асық», т.б.
Кітапхана жұмысын жандандыру. Кітапхана баланың кітапқа деген қызығушылығын оята алатын іс шаралармен өткізумен қатар, сыныптан тыс қосымша білім берудің негізгі ошағы болуы шарт. Кітапханада тәрбие саласының барлық бағыттары бойынша қызықты іс-шараларды: әдеби оқулар, қойылымдар, кештер, конференциялар, еңбекке баулу шаралары атқарылуы тиіс.
Оқушылардың өзін-өзі басқару жұмысын жетілдіру.
Оқушыны еңбекке баулу – пән сабақтарын еңбекпен ұштастыру, негізгі мектеп ережелері арқылы өзіне-өзі қызмет жасау, қоғамдық пайдалы еңбекті ұйымдастыру
Ауыл көлемінде жұртшылықпен жүргізілетін жұмыстар

Мектепте, ауылда «Ата-аналар мектебі» орталықтарын құра отырып, өнер-тәрбие ошақтарында ата салтын, дәстүрін кең көлемде насихаттауды жолға қою.
Қоғамдық бастамада ата-аналарды «Аталар орталығы», «Әжелер орталығы», «Аналар орталығы», «Әкелер орталығы» т.с.с ұжым жұмысына араластыру. Ұл тәрбиесі мен қыздар тәрбиесіне көңіл бөлу.
Ұлттық мейрамдарды, тәрбиелік мән-мағынада атап өтуді жолға қою. «Сабан той», «Төл тойы», «Наурыз», «Қымыз мұрындық», айт мерекелері т.с.с. ұлттық мерекелердің әлеуметтік мәніне көз жіберу, оны өнегелілік деңгейде өткізу.
Қалыптастырылуға тиіс ережелер
Сәлемдесу әдебін қалыптастыру.
Үзіліс сәтін ұйымдастыру.
Өнеге минуттарын ендіру.
Сабақтағы әдіс-тәсілдерді баланың жанына жағымды қалыпта ұйымдастыру.
Тәрбие жұмысында қолданылатын әдіс-тәсілдерді түрлендіру.
«Сөйлейтін қабырғалар» әдістемесін енгізу.
Ұлдар тәрбиесі мен қыз балалар тәрбиесін жүйелеу.
«Ата-аналар мектебін» құру.

Сәлемдесу әдебін қалыптастыру.

Ұлттық педагогикада сәлемдесу адам бойындағы ізгі қасиеттерді ізеттілікті, имандылықты, инабаттылық пен мәдениеттілікті көрсетеді. Жасы үлкен адамға сәлем беру – жастардың адамгершілік міндеті болып саналады. Оқушылар үлкен адамдарға  — «сәлеметсіз бе!» деп ал, ұл балалар ер адамдарға «ассалаумағалейкум» деп, оң қолын кеудесіне қойып басын иіп амандасса ол оқушының ізеттілігін, иманжүзділігін көрсетеді.

Үзіліс сәтін ұйымдастыру.

Үзіліс сәтін ұйымдастыруда ең басты айтылатын мәселе, қоңырау үндерін ұлттың әсем әуендерімен, күйлерімен беру. Мектеп дәлізінде жүру тәртіптерін белгілеп оны дағдыға айналдыру. Үлкен үзіліс сәтінде дене сергіту жаттығуларын жасау, ұлттық ойындарды ұйымдастыруды дәстүрге айналдыру.

Өнеге минуттарын ендіру.

Әрбір пән сабағының алдында 2-3 минуттық өнегелік ғибраттар айту. Өтілетін тақырыпқа қатысты, немесе өмірлік, тұрмыстық жағдайларға қатысты әңгімелерді іріктеу.

Сабақтағы әдіс-тәсілдерді баланың жанына жағымды қалыпта ұйымдастыру

Бүгінгі күн талабына сай оқытудың әдіс тәсілдерін өзгерту. Мұғалім-оқушы қатынасын жаңаша оқытуға негіздеу.

Тәрбие жұмысында қолданылатын әдіс-тәсілдерді түрлендіру

Тәрбие жұмысын ұйымдастыруды түрлендіру. Сауалнамалар арқылы оқушылардың, ата-аналардың қажеттіліктерін анықтау. Іс-шараларды жаңаша форматта ұйымдастыру.

Оқушыларды ынталандыруға көңіл бөлу. Ұпай жинау – еңбектену арқылы өзінің орынын көрсете білуге машықтандыру.

Мысалы, тікелей тәртіпке қатысты: 1. Оқушының сабаққа кешікпей келуі – 5 ұпай, кешіккен оқушыға – К белгісі қойылады; 2. Айналасы таза, құрал жабдықтары орында (үстел үстінде) – 1 ұпай; 3. Үй тапсырмасын орындауы: толық болса – 2 ұпай, жартылай – 1, орындалмаса – 0 т.с.с.

Тәрбиелілік өлшемдерін пайдалана отырып оқушылардың өздерін өздері бағалау тәсілдерін қолдану. Оқушылардың тәрбиелілік картасын енгізу.

«Сөйлейтін қабырғалар» әдістемесін енгізу.

 Рухани адамгершілік тәрбие беруде «сөйлейтін қабырғалар» әдістемесі қызықты  да тартымды жұмыс  болып табылады. Мектеп дәлізіндегі қабырғаларды ұлағатты даналық сөздермен толтырса, аиаулы бұрыштар безендірсе оқушылар тәрбиесінде мәні зор болмақ.

Бұл жұмысты оқушылармен бірлесе отырып та қызықты ұйымдастыруға болады. Кез келген мектепте күнделікті адамдардың бірнеше рет өтетін, жүретін жолы бар. Осы қабырғаға тарихи ұлы тұлғалардың ой-пікірлерін жазып қоюдың тәрбиелік мәні өте зор және оны жаңартып тұруға болатындай тәсілмен ілу қарастырылса тіптен жақсы.

Ең бастысы «сөйлейтін қабырғаларды» балалардың өздері безендіргенінің мәні зор. Осы жұмыспен тұрақты айналысатын топты бекітіп қоюға болады немесе әрбір сыныпқа кезекпен бұрышты жаңалауды тапсыруға болады.

«Сөйлейтін қабырғалардың» мәтіні үлкен әріптермен жазылған және 2-3 метр қашықтықтан көзге көрінетіндей болуы тиіс.  Жазуды балалардың өздерінің қалауымен түрлі – түсті әріптермен әр түрлі өлшемде қолмен немесе компьютермен теруге болады.

Пікірлер плакаттарға, жалаушаларға, шарларға т.б. орындарға жазылады.

Пікірді жазушы да балалардың өздері болуы тиіс. Мұндай бұрыштарға халық даналығы,  мақал-мәтелдер, жұмбақтарды т.б. жазуға болады.

Біраз уақыт өткен соң сыныптар арасында «сөйлейтін қабырғалар» туралы пікірталас, сайыс т.б. шараларды ұйымдастыруға болады.

7-8. Ұлдар тәрбиесі мен қыз балалар тәрбиесін жүйелеу. «Ата-аналар мектебін» құру.

 «Ата-аналар мектебін» құру. Іскер, шебер, өнерлі ата-аналарды мектептің оқу-тәрбие үдерісіне араластыру. Сыныптан тыс ұйымдастырылатын шараларға басшылық жасатуды жолға қою.

Аталар, әкелер ұлағаты – бүгінгі күнің басты қажеттілігі. Ұлдар тәрбиесін ер азаматтардың көмегімен жолға қою. Ер адамға тән кәсіпке баулу, өмірге қажетті бағыт бағдар беруге жағдай жасау. Мал сою, жіліктеу, табақ тарту, бата беру сияқты басқа да өнерге баулуда аталар мен әкелер көмегіне жүгіну.
Өнерлі, ісмер әжелерді ұмытылып бара жатқан ұлттық өнердің түрлері бойынша жұмысқа тарту. Қолөнер, әншілік өнері, қыздарға арналған ақыл кеңестер т.с.с. шараларды ұйымдастыру.
Аналарды, жеңгелерді әдептілік қағидаларын насихаттау т.б. шығармашылық, іскерлік көрмелер ұйымдастыру жұмыстарына қатыстыру..

Отбасы мүшелерімен бірлескен шараларды көптеп ұйымдастыру. Отбасылық сайыстар, кітапханадағы оқулар, т.б шаралар жүйелі жүргізілуі керек.

Әдептілік ережелері

Әдептілік қағидалары – мінез-құлык нормалары болып табылады. Әдептілік – іс-қимылдағы, сөйлеудегі, еңбектегі, мінездегі адами мәдениеттіліктің көркем көрінісі. Тәрбиенің нәтижелі болуы тәрбиелеушінің білімділігіне, біліктілігіне, шеберлігіне, тәжірибелілігіне, яғни оның әдептілігіне  тікелей байланысты.

Ұстаз – ұлы есім! Бала тәрбиесіне жауапты адам ата-ана десек те, ұстаз баланың тәрбиесімен қоса оған білім береді, рухани болмысын қалыптастырады. Мінез-құлық дағдыларын сіңіреді.

Педагогикалық әдеп – әдептің педагог санасындағы, мінез-құлқындағы, іс-әрекетіндегі көріністері. Сондықтан да негізгі тәрбиелеуші – педагог қауымға, жалпы мектеп есігін аттаған барлық жанға өзін үлгі етерліктей ұстанымда болу талабы қойылады.

Осыған орай бүгінгі ұстаз бойынан төмендегідей қасиеттер табылуы тиіс деп ойлаймыз.

Ұстазға тән қасиеттер:

Сабырлы, көргенді;
Дарынды, шығармашыл тұлға;
Шәкірттерін жақсы көреді;
Ұлттық мәдениетті терең түсінеді;
Саяси сауатты;
Өз пәнін өте жақсы меңгерген;
Сөйлеу мәдениеті жоғарғы деңгейде;
Тәрбиелі, киім киісі, жүрісі этикалық талаптарға сай.

Ұстаздарға кеңес:

Оқушылардың психологиялық ерекшеліктерін біліңіз және олармен санасыңыз.
Қарым қатынаста ақылдылық, әрі тектілік көрсетіңіз.
Сабаққа аса бір көтеріңкі көңіл күймен кіріңіз, шыққанда жаныңызды рахаттандыратын шаршау сезілсін.
Жаман дәрігер адам өмірін алады, жаман мұғалім адам жанын күлге айналдырып жіберетіні есіңізде болсын.
Балалар ұжымындағы психологиялық ахуалды тани біліңіз, бұл баламен қарым-қатынасқа көмегін тигізеді.
Қарым-қатынасты «билік» түрінде құрмаңыз. Ең кішкентай сәбидің де еркіндікке талпынатыны есіңізде болсын.
Балаларды тыңдай біліңіз. Жауап алу кезінде жүзіңізден ерекше қызығушылық сезілсін. Оқушының пікірін сыйлаңыз.
Өзіңізбен қарым-қатынас кезінде олардың көңіл-күйін сезе біліңіз.
Балалар арасындағы келіспеушілікті өзіңіздің педагогикалық дәрменсіздігіңіз арқылы ушықтырып алуға болатынын ұмытпаңыз. Қайтарған қате жауабы үшін жолдастарының мазақтау әрекетіне тыйым сала біліңіз.
Әр кез баланың қате қылығын көргенде, өз балалық шағыңды есіңізге алыңыз. Оларды қателескені үшін емес, әрекетсіздігі үшін жазалаңыз.
Балармен қарым-қатынас кезінде бір қалыпта (тура жоспар бойынша) әрекет жасаудан аулақ болыңыз.
Педагогтық қызметтің ең үздік жетістігі балалардың жүзіндегі күлкісінен айқындалады.
Өзіңіз де жиі күлімсіреңіз. Балаларды жиі қолдап, мадақтап, мақтап отыруға тырысыңыз.
Мұғалім сенімділік, сыйластық және сүйіспеншілік тәрізді сезімдерді тудыра білуі керек, оларсыз ұстазда шынайы бедел болмайды. Өзіңізге айналадағы адамдардың қалай қарайтыны жөнінде және ол неге байланысты екенін ойланып көріңіз.
Оқушының тәртібі мен білімін бағалауда әділ болыңыз. Балаларға берген уәдеңізге берік болыңыз. Қажет болса тұлғаның өзін емес, оның қылығын айыптаңыз.
Есіңізде болсын: жақсы ұстаз ұзақ ғұмыр кешеді және ауырмайды.
Ақша және педагогтық қызмет қатар тұра алмайды. Пендешіліктен аулақ болыңыз.
Мүмкіндігінше проблеманы оқушының ата-анасымен емес, оның өзімен шешуге тырысыңыз;

 Оқушыға қойылатын жалпы талаптар

Инабатты, жинақы кейпте болуы керек.
Мектеп ережесіне сәйкес бірыңғай киім үлгісін сақтауы тиіс.
Мектеп ережесіне сәйкес қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуы қажет.
Дене тәрбиесі т.б. қажеттіліктер бойынша арнаулы киім, ауыстыру үшін аяқ киімі болуы тиіс.
Сабақтан себепсіз қалуға болмайды.
Өз тілін, дінін, елін салт-дәстүрін құрметтей білуі қажет.
Өзін өзі басқару ұйымы жұмысына қатысуға міндетті.

Оқушыға мектеп ауласында қойылатын талаптар

Ізетті, сыпайы болу.
Ересек адамдарға сәлемдесу, кішілерге қамқорлық жасау.
Орынсыз айқай шуға (ұрыс, төбелеске) қатыспау.
Ауланың тазалығына назар аудару, шашылған қағаз, т.б. заттарды көтеріп, қоқыс жәшігіне салу.
Өз сыныбына бекітілген жер аумағын қамқорлыққа алу, абаттандыру жұмыстарына қатысу.

Оқушының мектеп ішіндегі орындайтын талаптары (ережелері)

Ізетті, сыпайы болу.
Мектептің тазалығына назар аудару, шашылған қағаз, т.б. заттарды көтеріп, қоқыс жәшігіне салу.
Мектеп дәлізінде жүгірмеу, айқайламау. Тыныштықты сақтау
Ұялы телефонды пайдаланбау.
Тыйым салынған сайтты пайдалануға, компьютер ойындарын ойнауға, E-mail немесе Chat-қа кіруге тиым салынады.

Оқушының сыныптағы орындайтын талаптары (ережелері)

Ізетті, сыпайы болу, мұқият тыңдау.
Кітаптарға, журналдарға, құрал-жабдықтарға, сыныптағы басқа да мүліктерге мұқият қарау.
Пән бойынша қажетті заттарды алдын ала әзірлеп сабаққа дайын болу.
Сыныптың тазалығына назар аудару, шашылған қағаз, т.б. заттарды көтеріп, қоқыс жәшігіне салу.
Сыныпта жүгірмеу, айқайламау. Тыныштықты сақтау.

 Оқушылар үшін кеңестер

Балаға үлкен адамның алдын кесіп өтуге, олардың сөзіне араласуға болмайды, себебі, бұл әдепсіздік болып саналады.
Жұрттың бәрімен, әсіресе қарт адамдармен қай жерде, қай уақытта болсын амандасып жүр. Денсаулығым жақсы болсын десең, өзгелердің де саушылығын сұрап амандас.
Өзіңді және айнала қоршаған табиғатты аяла. Сен – табиғаттың тамаша бір бөлшегісің!
Қарапайым бол!
«Білімнің бас құралы кітап» – деп айтқан А.Байтұрсынұлы аталарыңның ұлағатты сөзі естеріңде болсын.
А.Байтұрсынұлы аталарың тағы да: «Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшеді» деген ғибратты сөзін жадыңа түйіп қой.
„Білімді болуға – оқу, бай болуға – кәсіп, күшті болуға – бірлік керек“ деп тағы да Ахмет аталарың айтқан. Естеріңде болсын!
Ой мен істі бір-бірінен бөліп қарама. Оқығаның жақсы-ақ, бірақ ең бастысы – дағды, қимыл, машық әрекеттерінің белгілі бір мақсатқа қызмет етуі.
Егер сен дұрыс жасамасаң, кемшілігіңді тез түзетуге тырыс. Жақсылыққа апарар жолға баста.
Адамға сен, адамды сүй! Олар туралы өзің әділетсіз сөз айтпа, біреудің ғайбат сөзіне сене салма.
Жаман әдеттерден аулақ бол, шылым шекпе.
Түкке тұрмайтын нәрсеге бола ашуланба.
Сәтсіздіктеріңді емес, қуанышты күндеріңді жиі еске түсір.

 Оқушының мектепте өзін өзі ұстауына қойылатын талаптар

Мектептегі жалпы ережелер

1.1. Оқушы сабақ басталатын уақыттан кем дегенде 15 минут бұрын  мектепке келеді. Жинақы, үсті басы таза, мектеп ережесіне сай киінген болуы шарт. Мектеп дәлізіндегі орналасқан киім ілгішке сырт киімін өткізеді және аяқ киімін ауыстырады. Сабақ өтетін сынып бөлмесінде сабақ басталардан 5 минут бұрын жайғасуы тиіс.

1.2. Оқушының сабаққа қажетті құралдары: оқулықтары, дәптерлері, қалам-қарындаштары, күнделігі өзімен бірге болуы міндетті.

1.3. Оқушы мектеп мүлкін бүлдірмейді, өзінің мүлкі сияқты мұқият пайдаланады, бүлінген жағдайда жөндеу жұмысына қатысады.

 2. Сабақтағы тәртіп

2.1. Сыныпқа мұғалім кіріп келе жатқанда оқушылар орындарынан тұрып ізет білдіріп амандасады. Мұғалім отыр деп ишара білдірген кезде орындарына отырады.

2.2. Қазақстан Республикасының заңнамалық құжаттарында белгіленген өлшемдерді және мектеп ережесін басшылыққа ала отырып әрбір мұғалім пән ерекшелігіне сәйкес сабақты өткізудің әдіс тәсілдерін өздері анықтайды. Мұғалімнің сабақ өткізуге қатысты ұсынатын талаптарын орындау барлық оқушылар үшін міндетті болып табылады.

2.3.Сабақ барысында сыныпта  орынсыз шуға, мұғалім тапсырмаларына қатысы жоқ әрекеттермен айналысуға, өзгелердің жұмыс жасауына кедергі болуға жол берілмейді. Сабақ уақыты тек оқуға, білім алуға арналады. Мұғалімнің (сынып жетекшісінің) талабы бойынша оқушы күнделігін ұсынуы тиіс. Күнделіктегі әрбір жазу таза әрі мұқият жазылады. Әр аптаның соңында ата-аналарға күнделікке қол қойғызып отыру қажет.

2.4. Сабақ үстінде оқушыға сыртқа шығатын қажеттілік туындайтын болса, жай ғана қолын көтеріп мұғалімнің рұқсатын алуына болады.

2.5. Егер оқушы мұғалімге сұрақ қойғысы келсе немесе мұғалімнің сұрағына жауап бергісі келсе қолын көтереді. Сабақ аяқталды деген қоңырау мұғалім үшін соғылады, сондықтан мұғалім сабақ аяқталды деген уақытта ғана оқушының сыныптан шығуына рұқсат беріледі. Егер мұғалім немесе басқа ересек адам оқушыдан бұрын тысқа шығатын болса оқушылар орындарынан тұрып ілтипат білдіреді.

3. Сабақ басталардағы, үзіліс сәтіндегі және сабақ соңындағы тәртіп ережелері

   3.1. Сабақ басталар алдында: Оқушы қоңыру соғылғанға дейін сыныпқа кіруі, алғашқы қоңырау үнінен кейін сынып бөлмесіне мұғалім рұқсатымен кіруі және сабаққа әзір болуы тиіс.

  3.2. Үзіліс уақытындағы  оқушылардың міндеті: Өзінің жұмыс орнын ретке келтіру, тазалау; сыныптан шығу; дәлізде жүргенде, басталдақпен көтерілгенде, есік аузында оң жақты ұстану; мектеп қызметкерлерінің, кезекші оқушылардың талаптарын орындау; мұғалім тапсырмасы бойынша сынып бөлмесін келесі сабаққа әзірлеуге көмектесу; сабақтан кешіккен жағдайда есікті қағып рұқсат алу, кірген соң мұғаліммен амандасу, кешіккені үшін кешірім сұрау және орныңа орнына отыруға рұқсат алу.

3.3. Үзіліс уақытында  оқушыларға тиым салынады: Мектеп дәлізінде, баспалдақта, терезе алдында және  басқа да орындарда, ойын үшін жабдықталмаған жерлерде жүгіруге, бірін бірі итеруге, заттарды лақтырысуға, бір бірлерімен күш сынасуға, төбелесуге тиым салынады; әдепсіз қылықтар көрсетуге, жаман сөздер айтуға, айқайлауға, өзгелердің демалысына кедергі жасауға болмайды; мектеп ауласы мен ішінде шылым шегуге тиым салынады.

3.4. Сынып кезекшісі: Үзіліс сәтінде сынып бөлмесінде болады; бөлмені ретке келтіреді, желдетеді; қажетті құралдармен қамтамасыз етеді; келесі сабаққа әзірленуге мұғалімге көмектеседі; санитарлық тазалық ережелерінің сақталуын қадағалайды.

Қорытынды ереже

4.1. Берілген ереже мектеп аумағында орындалады.

4.2. Берілген ережені және мектеп Жарғысын бұзған оқушы жауапкершілікке тартылады.

4.3. Берілген Ереже көпшілікке  көрінетін орындарға оқушылардың танысуы үшін ілініп қойылады.

Ата-аналармен атқарылатын жұмыстар

Әрбір мектепте бала тәрбиесіндегі ата-аналардың рөлін  арттыруға бағытталған «Ата-аналар орталығын» құру. Ата-аналармен ұлттық  құндылықтарымызды насихаттау бағытында іс-шаралар ұйымдастыру.

Ата-аналар орталығының негізгі міндеті – «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» қағидасын ұстана отырып отбасындағы ата-ана үлгісін қалыптастыру, отбасын алтын діңгекке айналдыру.

Ер балалар мен қыздар тәрбиесін ұйымдастырудың физиологиялық, психологиялық және этнопедагогикалық негіздері бойынша жұмыстар жасау. Отбасы тәрбиесінің ережесін жасақтау. Әкенің, ананың, баланың отбасылық, қоғамдық әдеп нормаларын қалыптастыру. «Ата-аналар мектебі» ережесін жасау. Ата-аналардың қатысуымен қауымдастықтар ұйымдастыру. Ата-аналардың әлеуметтік рөлдері бойынша қағидаларды әзірлеу және басшылыққа алу.

Педагогтардың ата-аналармен қатынасындағы қағидалар:

– ақыл үйретпей, кеңес беру керек. Бірлескен іс-әрекеттер туралы бірге ойласу, кеңесу;

– ата-аналармен қарым-қатынас жасай отыра, олар бізге қажет, біздің одақтасымыз, олардың көмегі мен кеңесіне мұқтаж екенімізді көрсету;

– ата-аналық сүйіспеншілік пен құрметке үндеу;

– балаларды сипаттай отыра, ең алдымен бала туралы жақсыны ғана айту қажет;

– ата-аналардың тұлғасына, олардың еңбектегі жетістіктеріне жоғары құрмет көрсету;

– ынтымақтастық, ортақ шығармашылық.

Қазақ болмысы немесе қазақтықтың формуласы

Гүлнар Тоқайқызы, Бақытбек Амантайұлы

 ҚАЗАҚТЫҢ АМАНАТЫ – ЖЕР-АНА!

ҚҰЖАТЫ — ТАСҚА БАСЫЛҒАН ТАРИХЫ!

ГЕНЕТИКАЛЫҚ КОДЫ – САЛТ-ДӘСТҮРІ!

ҚАЗАҚТЫҢ ПАНАСЫ – ҰЛЫ ДАЛАСЫ!

ҚАЗАҚТЫҢ МӘҢГІЛІГІ – АНА ТІЛІ!

ҰРАНЫ – АЛАШ!

ҚАЙСАРЛЫҚ СИМВОЛЫ- КӨК БӨРІ!

ЖАНЫ – АРЫНЫҢ САДАҒАСЫ!

ТАМЫРЫ – ШЕЖІРЕСІ!

ТЕКТІЛІГІ — ЖЕТІ АТА!

КИЕЛІСІ – ШАҢЫРАҚ!

БЕРЕКЕСІ – ТАЙҚАЗАНЫ!

ИМАНЫ – ЖҮРЕГІНДЕ!

БӘСІ- ТӘУЕКЕЛІНДЕ!

МІНЕЗІ – СЕРТІНДЕ!

БАРЫ – ҚАНАҒАТЫНДА!

ҚҰШАҒЫ – КЕҢДІГІНДЕ!

КӨҢІЛІ – ҚОНАҚЖАЙЛЫЛЫҒЫ!

БЕТ ПІШІНІ – ИМАНЖҮЗДІ!

ӘДІЛДІГІ – ТУРА БИІНДЕ!

ЫРЫСЫ – КИІЗ ҮЙІНДЕ!

КҮШІ  – БІРЛІКТЕ!

САҒЫНЫШЫ – ЖУСАННЫҢ ИІСІНДЕ!

СЫРЛАСЫ – ТАБИҒАТ!

ҚАЗАҚТЫҢ ҮНІ – ДОМБЫРА!

ҒАЖАЙЫБЫ – КҮЙІНДЕ!

ШАТТЫҒЫ – ҚАРА ЖОРҒА БИІНДЕ!

КЕЛБЕТІ – ҰЛТТЫҚ КИІМІНДЕ!

НЫШАНЫ – ОЮ-ӨРНЕГІ!

ТАҒЛЫМЫ – ДАНАСЫНДА!

МЕЙІРІМІ – АНАСЫНДА!

ЕРКЕЛІГІ  — БАЛАСЫНДА!

ҚАНАТЫ – ТҰЛПАРЫ!

БАЙЛЫҒЫ – ҰРПАҒЫ!

САЛТАНАТЫ – ТОЙЫНДА!

АЛҒЫСЫ – БАТАСЫНДА!

ДУМАНЫ — АЙТЫС! 

ӨНЕРІ – ЖЫР, ТЕРМЕСІ, ӨЛЕҢІ!

БИІКТІГІ – ХАНТӘҢІРІ!

ӨРКЕНИЕТІНІҢ БЕЛГІСІ – АЛТЫН АДАМ!

РУХАНИ ОРДАСЫ – ТҮРКІСТАН!

ҒАЛАМДАҒЫ ОРНЫ – ҚАЗАҚСТАН!

ҚАЗАҚТЫҢ ТӘЖІ – АСТАНА!

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – РУХАНИ ИММУНИТЕТ,

РУХАНИ ИММУНИТЕТ – ҚАЗАҚТЫҢ САУЫТЫ!

М36 «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы негізінде мектептегі тәрбие жұмысы мазмұнын жаңарту жолдары: Әдістемелік нұсқаулық  Алматы,  2017.- 123 бет 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Шығармашылық шеберлікке баулу орталығы © 2018 жеке мәіметтерді өңдеу Frontier Theme