Алма Қыраубайқызының «Сенім» авторлық бағдарламасы

Автордан

Қазіргі қазақ баласының бойындағы бір кемшілігі – өзіне сенімсіздік, жасықтық мінез. Баяғы Қазтуған мен Шалкиіз заманындағы қазақ мінезінен «Буыршынның бұта шайнар азуы» деп сезінген өрлік пен өр рухты көреміз. Сенімсіздікті қалыптастырған екі ғасырлық құлдық психология мен әміршіл жүйе болатын. Енді дәстүрлі қазақы тәрбиеміздің өміршең үрдістерін қазіргі заман ағымына үйлестіре алмай жатырмыз. Дәстүр құндылығы бір басқа да, уақыт құндылығы бір басқа. Бала санасында қазіргі қазақ азаматының рухани моделі қалыптаспағандықтан, сенімсіздік комплексіне ұшырайды.

Ал өзге тілде тәрие алған балада ұлттық мәдениетін білмеуден туған сенімсіздік бар. Сондықтан, ендігі тәрбиенің алдында тұрған зәру мәселе – қазіргі қазақ азаматының мінезін қалыптастыру. Өркениет әлеміне Қазақ құбылысы болып кіретін азамат дайындау. Ол, ең әуелі, өзіне сенімді адам. Өркениет әлеміне шығуға дайын адам ғана өзіне сенімді бола алады. Біздің бағдарламамыз хал-қадарынша осы мақсатқа қызмет етеді.

Бұл бағдарлама бойынша тәрбие ұлттық негізде жүреді. Ұлт ретінде қалыптастырған жақсы қасиеттерімізді сіңіріп, оны заманға қарай дамыту. Бірақ ұлттық шеңберден қамал соғып алып, өркениет жаққа қарай жасқана көз салғаннан гөрі, көтеріле түсіп, әлемдік деңгейден ұлтымызға көз салуымыз жөн дейміз.

Мектебіміздің оқытудағы ескі авторитарлық қалыптардан шығатын да кезі келген секілді. Ол үшін мектептің ішкі жүйесі мен мазмұны өктем қатынастарды қажет етпейтіндей болып құрылуы керек. Сонда нағыз еңбекқор мұғалімнің жұмысы жарқырай түспек.

Біздің бағдарламаның бағыты: «Мен сенің жақсы болуыңа көмектесемін».

«Мектептің жақсы жұмыс істейтіндігінің белгісі – баланың ықыласы» деп білеміз. Шәкір пен ұстаз арасындағы қарым-қатынас адамгершілікке құрылады.

«Сенім» бағдарламасы бойынша мұғалімге көзқарас.

Мұғалім тергеуші емес, үйретуші. Тәртіпке салып қоюшы емес, рухани өсіруші. Баланы қызықтыру арқылы ерте білетін адам балаға нені үйреткісі келсе, соны өзі көрсетеді. Баланың қазақ деген ұлы халықтың ұрпағы екеніне, қазақ жерінде тұратындығына мақтаныш сезімін қалыптастыру – мұғалімнің абыройлы ісі.

Шәкірттің ой-өрісі мен сезімін тәрбиелеуде ертегі-аңыз, ән-күй, хаттың рөліне үлкен мән беріледі:

  • ертегі-аңыздарды толассыз құлаққа құйып отыратын арнайы сабақтар болады: «Тілашар», «Елтану», грек-рим мифологиясы, қазақ аңыздары, ұлы адамдар өмірі;
  • сабақ, үзілісте ән-күй, жыр, әлемдік музыка кеңінен қолданылады;
  • ұстаз бен шәкірт арасында «Үшбу хат» жазылады.

Тәрбиенің негізі үш саладан тұрады:

  1. Еңбекке үйрету
  2. Жауапкершілікке үйрену
  3. Ой-қиялын шарықтату

Адамның бүкіл өмірі – еңбектену. Тіпті демалғанда да еңбектенеді. Алдағы еңбекке күш жинау үшін еңбектенеді. Баланы еңбектенуге үйрету – тәрбиенің өзегі. Бағдарламадағы рейтинг жүйесі осыны көздейді. Қазіргі бағамыз бала еңбегін толық бағалай алмайды деген ойдамыз. Ол алға ұмтылдырудан гөрі, сын мен қорқыныш таразысына салады. 

 

Бағдарлама бойынша жұмыс істейтін мектептің мақсаты:

  • Баланы жасытпай оқыту, бұйығылықтан құтқару, сенімсіздік комплекстерін жою;
  • Адамның ішкі еркіндігі мен әлеуметтік қатынастарға ыңғайлылығын қатар дамыту;
  • Мектеп ішіндегі өміршілдік пен өктемдікті қажет етпейтін құрылымды қолдану;
  • Саясаттандыруға ұмтылмайтын, мәңгілік құндылықтарды меңгеруге тәрбиелейтін мектеп.

Ақыл-ой тәрбиесінің мақсаты:

  • Мемлекеттік базалық білім мазмұнын беру;
  • Культурологиялық бағыттағы пәндерді тереңдете оқыту.

 

Қазақ және әлем мәдениеті

  • Шәкірттің өз идентативін дамытуына жағдай жасау;
  • Ойлай білу және өзіндік пікір айту қабілетін дамыту;
  • Белсенді қызығуын дамыту.

Жан тәрбиесі

  • Баланың өзіндік «Мен»ін анықтауына көмектесу;
  • Қарым-қатынас мәдениетіне үйрету;
  • Кісілік, парасаттылық;
  • Жан-жақтылыққа;
  • Салауатты өмірге;
  • Имандылыққа тәрбиелеу;
  • Дене мәдениеті – жан тәрбиесімен бірлікте қарастырылады.

Баланы сенімсіздік комплекстерінен шығару құралдары

 

Хат жазысу. Шәкірт пен ұстаз арасында терең байланыс орнатуға, түсіністікке, достық қарым-қатынасқа тәрбиелейді. Баланың креативті-шығармашылық мүмкіндіктерін ашады.

Практикалық бейнелеу сабақтары сандық түсініктен – сапалы түсінікке әкеледі. Көркем өнерге, шығармашылыққа тәрбиелейді. Көркем бейнелер арқылы оқыту бала қиялын дамытады. Жан сезіміне әсер етіп, рухтандырады. Бұл сабақтарға: пән мұғалімі, драма жетекшісі, музыка, қолөнері мен бейнелеу өнері мұғалімдері бірдей қатысады.

Музыка – мектеп өмірінде мәнге ие. Үзіліс, практикалық-бейнелеу сабақтары, жалпы сабақтар музыкамен тығыз байланыста болады. Баланың ашылуына көмектеседі.

Мектепбала шығармашылығын дәріптейді. Шәкірттің өлең, сурет, қолөнер т.б. шығармашылығы көп алдында күнделікті шығарылып отырады.

Сөйлеу және қарым-қатынас мәдениетін үйрету. Пікірталастар, баяндамалар жасау, реферат, шағын ғылыми жұмыстар қорғау – негізгі мәнге ие. Әдеп сабағы да осы мақсатқа қызмет етеді.

Шығармашылық және «Би мәдениеті» кештерінде баланың өзін ортада қымсынбай, еркін ұстап үйренуіне қолайлы орта жасалады.

Киіну мәдениетін қалыптастыру. Талғаммен киіне білу – адамның өзіне сенімді болуының кепілі.

Ырғақ, дене мәдениеті, би мәдениеті сабақтары баланың денесін игере алмаудан туған сенімсіздігін жою. 

Бала және табиғат

Жекелеген сабақтардың табиғат ортасында өтуі жоспарланады. Бір күні түгелімен табиғат аясында өтетін «Көшпелі сабақтар» болады. Мектеп ауласы тек үзілісте уақыт өткізетін орын ғана емес, баланың табиғатпен араласуына қызмет ететін орын. Аула – шағын өсімдіктер және хайуанаттар әлемінің рөлін атқарады.

Баланың «мен»-ін сыйлау

Баланың өзін-өзі тани білуіне көмектесу және ішкі «мен»-іне құрметпен қарау – міндет. Шәкіртпен қарым-қатынастағы сыйластық сөздер: мырза, бикеш. Мысалы: Айдар мырза, Ләйла бикеш. Ұстаздарға: бике, бибі, мырза. Мысалы: Болат мырза, Сәуле бикеш, Алма бибі.

Топтық басқару

Онда әртүрлі жастағы шәкірттер қызығуы, психологиялық сыйымдылығы, мінез ерекшеліктеріне қарай бөлініп, аға-інілік қарым-қатынаспен жұмыс істейді. Бұл ұялшақ, әлсіз балалардың өзін сенімді сезінуіне көмектеседі. Басқаруға, маңындағы жасы кішілермен санасуға үлкенге – құрмет, кішіге – ізет мәдениетін қалыптастыруға жәрдемдеседі. Топтағы балалар белгілі бір мерзімде орын ауысып отырады. Субъективті қатынастарға көп мән беріледі.

 

Мектеп – тәрбиелі отбасының үлкейген моделі

Мектеп ішінде тәрбиелі отбасындағы қатынастар моделі жасалады. Отбасының тәжірибелі басшысы бар. Отбасы сол басшылыққа жүгінеді. Сыйластықты, жылы ұя. Ұяның әр мүшесі өз жұмысын біледі. Әрқайсысы отбасының тыныштығын сақтауға мүдделі болады.

Бала еңбегінің бағалануы

  Бала еңбегін бағалауға рейтинг жүйесі қолданылады. Ол демократиялық қатынастарды орнатуға қызмет етеді. Мақсаты: бірінші орында баланың қабілетінен гөрі еңбектенуі тұратындығында. Тынымсыз еңбек қабілетті дамытады. Рейтинг жүйесі бойынша:

  • сабаққа қатысуы; 2) даярлығы; 3) тапсырманы орындауы; 4) өзіндік жұмысы; 5) ынтасы; 6) сабақтағы жауабы.

«Екі» деген баға болмайды. (Бірінші қосымшаға назар аударыңыз)

Үш сатылы бағдарлама

Шәкірттердің білімді меңгеру мүмкіндігіне қарай үш сатылы бағдарлама жасалады.

1) Базалық білім бағдарламасы. 2) Жоғары бағдарлама. 3) Өте жоғары бағдарлама.

 Еңбектену арқылы жоғары өрлеу перспективасы ашық.

Мұғалімнің жұмыс нәтижесі

Шәкірттің:

  • өзін еркін сезінуі;
  • сабаққа қызығуы;
  • білімі;
  • жоғары және өте жоғары бағдарламаны меңгерген оқушылардың көп болуы, олармен:
  • адамшылық қарым-қатынасы;
  • мәдениеттілігімен бағаланады.

 

Мұғалімге қажетті қасиеттер:

  • жылылық;
  • түсінгіштік;
  • сезімталдық;
  • кең ойлай алуы;
  • баланы шабыттандыра білуі;
  • балаға адам ретінде қадірлі болуы;
  • сабағының қызықты әрі пайдалы болуы;
  • шығармашылық ізденісі.

 

Мұғалімнің түпкі мұраты: баланың рухани өсуіне басшылық жасау. Рухани өсіру дегеніміз:

  • кісілік қасиетін дамыту;
  • шығармашылық қабілетін дамыту;
  • дүниетанымын кеңейту.

Мүғалім еңбегінің саралануы

Әр тоқсан сайын шәкірттерге сауалнамалар беріліп, қорытындыланып отырады. (Екінші қосымшаны қараңыз)

Мұғалім келісім-шарт арқылы қабылданады.

Келісім-шарт бір, үш, бес және одан ары қарайғы уақытқа жасалады. Қабылдау кезінде ауызша және жазбаша сауалнамалар қолданылады. (Үшінші қосымшаны қараңыз)

 

Жиырма тоқтам

  Мектепке қабылданған мұғалімге жиырма тоқтамнан тұратын нұсқау беріледі. (Төртінші қосымшаны қараңыз)

 

Мұғалімнің сабақты жоспарлауы

Күнтізбе жоспары ғана талап етіледі. Күнбе-күнгі сабақ жоспары міндетті емес. Шығармашылық ізденісіне жол беріледі.

 

Адамгершілік қарым-қатынас – мектеп өмірінің өзегі

Мектеп басшылығы мен ұстаздар арасында және ұстаз бен шәкірт арасында адамгершілік қатынас, түсіністік, мәдениетті орта жасалады. Әміршілдік пен өктемдікке қажеттілік жойылады.

 

Әр жылдықтағы шәкірт саны 15-20-дан аспайды

Бастауыштағы сабақтың 30 минуттан болу мүмкіндігі қарастырылады.

Қазақ және әлем мәдениетін тереңдете оқыту І – XІ жылдық дәстүрлі емес және тереңдетілген сабақтар.

«Әлем және мен» бағдарламасы (бастауышта).

Мақсаты: баланың дүниетанымын кеңейту, заман және тарих ұғымын қалыптастыру, ел-жер-әлем-ондағы өз орнын белгілеу. Білу мен сенімділік жан дүниесін жасауға арналады. Төрт бағдарламаның басын біріктіреді:

Тілашар.

Елтану.

Әлемтану.

Әдеп.

«Тілашар»: 1-2 жылдықтарда ертегі, мысалдар, жаңылтпаш, жұмбақ, мақал-мәтелдер. 3-4 жылдықтарда – аңыздар, Құран сүрелері арқылы ақылақ, әлеуметтік қарым-қатынас, жауыздық пен әділет ұғымы қалыптасады.

Бұл ұғымдар 5-6 жылдықтарда Грек-Рим, Шығыс мифологиясын оқыту және одан жоғары жылдықтарда ұлы адамдар өмірінен алынған хикаялармен таныстыру арқылы жалғасады.

«Елтану» — қазақ тарихының әліппесі

«Әлемтану» — дүние-жаратылыс әліппесі

«Әдеп» — ақылақ әліппесі. Адамдармен қарым-қатынас, ортадағы өз орнын белгілеудің алғышарттары.

Бастауыш сынып баласы білгеніне ғана емес, қолынан не нәрсе келгеніне қуанады. Сол себептен «Тілашар» сабағындағы сюжеттер интеграция арқылы сурет, қолөнер, театр сабақтарымен бірге жүреді. Образдың суретін салып, қолымен жасап, ойнап көрсетеді. Осы практикалық бейнелеу сабағында әр жеке тұлға өз дәрежесінде нәтижелерге жетуі керек.

«Ислам  мәдениеті». Ислам дінін үлкен мәдениеттің көрінісі ретінде таныту. Ислам тарихымен, пайғамбарлар өміріне қатысты аңыздармен таныстыру. Құран сүрелерін талдау. Мұсылманның қырық парызын үйрету. Жекелеген сүрелерінің мән-мағынасын түсіндіре жаттау. Ислам дінін имандылыққа тәрбиелеудің жолы ретінде оқыту.

«Ежелгі қазақ мәдениеті»:

Ежелгі тарих және дүниетанымы.

Ежелгі әдебиеті.

Ежелгі жазулары (орхон-араб жазуы)

«Ежелгі қазақ әдебиеті» — біздің заманымыздан бұрынғы сақ, ғұн, үйсін, көк түріктер, Түрік қағанаты, Оғыз, Қарахан, Алтын Орда мемлекеттері тұсындағы әдеби ескерткіштерді оқытады.. Текст – мәтінмен таныстырады.

«Шығыс мәдениеті». Бұл сабақта Қытай, Иран, Араб, Жапон және Үнді елдерінің мәдениетімен танысады. Қазақ мәдениетімен сабақтастықта қарастырады.

«Европа мәдениеті».

«Славьян мәдениеті»

«Ағылшын-Аамерика мәдениеті»

«ГРЕКИЯ МӘДЕНИЕТІ»

«СӨЙЛЕУ МӘДЕНИЕТІ». Бұл сабақтың мақсаты – шәкіртті тартымды сөйлеуге үйрету.

«ӘДЕП» сабағы І-XІ жылдықтар арасын түгел қамтиды.

ӘДЕП ӘЛІППЕСІ (1-4).

ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ӘДЕБІ (5-7).

ҚАЗІРГІ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС МӘДЕНИЕТІ (8).

«ҰЛ-ҚЫЗ ӘДЕБІ». 9 ЖЫЛДЫҚ. (ҰЛ-ҚЫЗ БӨЛЕК ОҚЫТЫЛАДЫ.)

ОТБАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС МӘДЕНИЕТІ. (10)

ОТБАСЫНДАҒЫ БАЛАНЫҢ ЖАН ДҮНИЕСІ ЖӘНЕ ТӘРБИЕСІ. (11)

Заң негіздері және қазақ заңдары.

«Қолөнері»: ҰЛ САБАҒЫ ЖӘНЕ ҚЫЗ САБАҒЫ.

Сабақтың мақсаты – болашақ өмірге қажетті дағдыларды үйрету. Ұл дағдысы отбасындағы ер адамға жүктелетін жұмыстарды үйретуге негізделсе, қыз бала үй шаруасына қатысты еңбек дағдысын біледі. Қыз балаға көзқарас: оған қайраткер дайындау тұрғысынан емес, болашақ Ана ретінде қарау.

Бейіміне қарай оқыту

Шәкірттер жоғары жылдықта бейім-қабілетіне, қызығуына қарай бөлініп, жеке пәндерді тереңдей оқиды:

Қазақ тілі мен әдебиеті-тарих-география (Филология, журналистика, шығыстану мамандықтары бойынша).

Тарих-қазақ тілі мен әдебиеті-география (Заң, шығыстану, тарих-философия мамандықтары бойынша).

Ағылшын тілі-тарих-қазақ тілі мен әдебиеті-география (халықаралық қатынас, халықаралық заң, халықаралық журналистика мамандығы бойынша).

«ӨНЕР»: саз өнері

Драма-Кино

Қолөнер суреті (Актерлық, әнші-күйшілік, суретші, қолөнер мамандықтары бойынша).

Спорт түрлері.

«АЛҒАДАЙ» ТОБЫ

Ата-анасы жоқ балалардан іріктеліп алынады. Қазақ және шығыс жекпе-жегінің философиясы мен техникасын үйретеді. Дене тәрбиесі мен жан тәрбиесі жалпы МӘДЕНИЕТ тәрбиесінің компоненттері ретінде ұйымдастырылады.

 

Дәстүрлі емес және тереңдетілген сабақтардың сыйымдылығы

Бастауышта сағатты толық жүктемеге дейін жеткізу және сабақты 30 минуттан жүргізу арқылы үнемделген 15 минуттардың есебінен сыйысады. Жоғары және орта буында факультатив есебінен және сағат санын толық жүктемеге дейін жеткізу арқылы сыйысады.

Ең негізгісі – сабақта жанға жайлы орта жасау. Шаршатпауда. Сабақтың қызықтылығы мен пайдалылығын арттыруда.

 

Шәкірт

  • Өзіне сенімді адам. Сенімді адам: еңбектенуге үйренген, білім ізденудің жолын білетін адам.
  • Өзін ортада ұстай білетін, пікірін мәдениетті айта білетін адам.
  • Өз елі туралы мақтаныш сезімі қалыптасқан адам.
  • Өрелі, мәдениетті адам.
  • Адамға құрмет сезімі қалыптасқан, адамдардың тумысында әр түрлі екенін мойындайтын және сыйлайтын адам.
Обновлено: 2020-08-07 — 07:07

2 комментария

Оставить комментарий
  1. Бұл қандай әдебиеттен алынған? Айтып жіберіңіздерші

    1. Администрация

      Сәлеметсіз бе! Бұл бағдарлама Алма Қыраубаеваның мектебі жұмысын жүргізген түпнұсқа! Ол кісінің ашқан мектебінде жұмыс жасаған шәкірттері қолынан алынған…..

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Шығармашылық шеберлікке баулу орталығы © 2018 жеке мәіметтерді өңдеу Frontier Theme